Азия Гран-приінен екінші алтын

26.04.2017

Бек Төлеуов  
151
Азия Гран-приінен екінші алтын

Қытайдың Цзиньхуа қаласында өткен Азия Гран-приінің алғашқы кезеңінде Қазақстан қыздар құрамасы 100 метрге жүгіруден командалық эстафетада жеңіске жетті.

Әйелдер арасындағы спринтерлердің командалық сайысына үш ел қатысты. Олар: Қазақстан, Таиланд, Қытай. Негізінде үш мемлекеттің спортшыларына да медаль бұйырып тұрған еді. Бірақ алтынның орыны қашанда бөлек. Сондықтан үшеуінің қайсысы болмасын тұғырдың ең жоғары сатысына көтерілуді армандайтыны белгілі.

Қазақстан намысын Римма Кашафутдинова (Қарағанды облысы), Светлана Голендова (Жамбыл облысы), Анастасия Тулапина (Алматы облысы), Юлия Рахманова (Алматы) қорғады.

Таиланд құрамасы көшбасшыларын шығарыпты. Ал қытайлықтар бірінші нөмірлі спортшыларына демалыс беріп, екінші құрамдағы қыздарына мүмкіндік сыйлапты. Аспанасты елінде желаяқтар өте көп. Сондықтан олардың қай құрамасы болмасын осал емес.

Біздің қыздар бапкерлердің барлық тапсырмасын мүлтіксіз орындап, өздеріне сенімді болды. Нәтижесінде төртеуі 44,50 секундта 100 метр қашықтықты бағындырды. Таиланд құрамасы (45,62 сек) екінші келсе, қытайлықтар (45,86 сек) үздік үштікті қорытындылады.

Бұған дейін Азия Гран-приінің 100 метрге жүгіруден әйелдер арасындағы жекелей сайысында Виктория Зябкина алтын, Ольга Сафронова күміс еншілеген болатын.

Айта кетейік, Қазақстаннан Азия Гран-приіне 16 спортшы шақырту алған.

Тізімге қайта оралу