Азия ойындары – 2018: Баршим, Рыпакова, Назаров...
102

Азия ойындары – 2018: Баршим, Рыпакова, Назаров...

Биыл 4 жылда өтетін жазғы Азия ойындарын Индонезия астанасы Жакарта қаласы қабылдайды. Осымен, XVIII мәрте ұйымдастырылып отырған додаға сары құрлықтың 45 елі қатысады.

Жалпы, Азия ойындары 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығына жоспарланған. Онда 42 спорт түрінен 476 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Осының ішінде жеңіл атлетика сайыстары тамыздың 25-і мен 30-ы аралығында өтеді. Ұлттық құраманың бас бапкері Григоргий Егоров Жакартада ел намысын қорғайтын жеңіл атлеттердің толық тізімін бекітті. Құрама сапына 33 атлет (15 ер, 18 әйел) еніп отыр. Олардың 28-інің шығынын Ұлттық Олимпиада комитеті көтерсе, қалған бесеуін аймақтық басқармалар қаржыландырмақ.

Жалпы, Азия ойындарына 41 елден 792 жеңіл атлет қатысады. Оның ішінде ең көп делегация Қытай Халық Республикасынан (82 спортшы). Екінші орында Таиланд (60) болса, үштікті жарыс қожайыны Индонезия қорытындылап отыр. Одан кейінгі орындарда Жапония (58), Үндістан (52), Оңтүстік Корея (40), Бахрейн (37), Қазақстан (33) бар.

Жакартада тағы бір рекорд жаңармақшы. Осыған дейін ең көп жеңіл атлет қатысқан Инчхондағы ойындар болатын. Ол кезде «спорт падишасының» 648 өкілі бақ сынаған.

Азия ойындарына қатысуға келісімін берген жеңіл атлеттердің танымал спортшылар көп. Арасында Олимпиада, әлем чемпиондары да жетерлік. Қазақстаннан Ольга Рыпакованы айтса да жеткілікті болар. Тәжікстан балға лақтырудан 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Дильшод Назаровқа сенім артып отыр. Катардан Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері, 2017 жылғы әлем чемпионы, биіктікке секіруші Мутаз Баршим бар. Кенияда туып, Бахрейннің азаматтығын алған марафоннан 2017 жылғы әлем чемпионы Роуз Челимо да Жакартада 42 шақырымда қарсыластарын шаң қаптыруды көздейтіні анық.

Азия ойындарының бағдарламасына тоқталсақ, Қазақстанның ерлер құрамасы 100, 200, 400, 800, 1500 метрге жүгіру, 110 метрге және 400 метрге тосқауылдар арқылы, марафон, 4х100 және 4х400 метрлік эстафетадан, ядро серпу, сырықпен, үш қарғып және биіктікке секіруден, сондай-ақ 20 шақырымға спорттық жүрістен қатысады. Ал аруларымыз 100, 200, 400, 800, 1500 метрге жүгіру, 100 метрге және 400 метрге тосқауылдар арқылы, 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден, марафон, 4х100 және 4х400 метрлік эстафетадан, сырықпен, үш қарғып және биіктікке секіруден, 20 шақырымға спорттық жүрістен ел намысын қорғамақ.

Одан бөлек, Азия ойындарының бағдарламасында 4х400 метрлік аралас эстафета бар. Оған екі ер, екі әйел спортшы жүгіреді.

Тізімге қайта оралу