Астанадағы ШЫҰ марафонында жүгіруге «Цеснабанктің»  90 қызметкері тіркелді
240

Астанадағы ШЫҰ марафонында жүгіруге «Цеснабанктің» 90 қызметкері тіркелді

27 тамызда Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық марафонына қатысатындардың арасында «Цеснабанк» қызметкерлері де бар.

Халықаралық марафонға танымал банктің 90 қызметкерлері тіркелген. Соңғы бірнеше айда олар тұрақты түрде дайындалып, марафонда жақсы нәтиже көрсетуге тырысып жүр. «Цеснабанк» қызметкерлері үш қашықтық бойынша да өз бақтарын сынайды.

– Марафон біз үшін өте маңызды бұқаралық жарыс. «Цеснабанк» осындай ауқымды шараны қолдап отырғанына қуаныштымыз. 27 тамызда әріптестеріміз жоғары нәтиже көрсету үшін бар күштерін салады, – дейді банк қызметкері Вячеслав Жуковин.

 Еске сала кетсек, алдағы жексенбі күні Астанада халықаралық ШЫҰ марафоны өтеді. Аталмыш шараны Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының Жеңіл атлетика федерациясы және «Шанхэ» Юньнань мәдениет және спорт компаниясы бірігіп өткізеді.

Марафон додасы үш кезеңді қамтиды. Ең ұзақтығы  классикалық марафон – 42 шақырым 195 метр, орта қашықтық – 10 шақырым.  Одан бөлек,  ЭКСПО-2017 көрмесінің құрметіне орайластырылған 2017 метр бар.

«ЭКСПО-2017» аясында өтетін ШЫҰ мен АӨСШК халықаралық марафоны 2017 жылдың 27 тамызында таңғы сағат 07:30-да басталады. Марафонның маршруты Астананың сол жағалауындағы басты көшелерді қамтиды. Спорттық шараға ШЫҰ мүше әрбір мемлекеттен жалпы 30 кәсіби спортшыны тарту көзделген. 

Марафонға кәсіби спортшылардан бөлек, жүгіруге әуес жандардың барлығына қатысуға мүмкіндік бар. Тіркелу http://scomarathon2017.com/kz сайты арқылы жүзеге асырылады.

Тізімге қайта оралу