Айман Қожахметова үлкен спортқа оралды
203

Айман Қожахметова үлкен спортқа оралды

Спорттық жүрістен Лондон Олимпиадасының қатысушысы, егіздің сыңары Айман Қожахметова бірнеше жыл спорттан қалыс қалған болатын. Кеше 30 наурызда Шымкентте өткен қысқы Қазақстан чемпионатында сәуір айында 27 жасқа толатын атлет араға ұзақ уақыт салып, жарыс жолына шықты.

Айманнан бөлек, Галина Якушева да Шымкенттегі Қазақстан чемпионатына қатысты. Екі спортшы да – 20 шақырымға спорттық жүрістен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бірнеше рет әлемдік додаларда ел намысын қорғаған. Айман егізі Шолпанмен бірге 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында өнер көрсеткен. 2010 жылы Вьетнамда, 2011 жылы Жапонияда өткен Азия чемпионаттарында қола медальға ие болған. Ал Галина Ресейде өткен әлемдік Гран-придің жеңімпазы. Тұрмысқа шыққан соң, соңғы екі жыл спортпен уақытша қоштасқан. Айманның үлкен спорттан қол үзіп қалғанына 4 жыл болған. Алғашында 2013 жылы допингпен ұсталып, екі жылға шеттеліген. Бірақ 2015 жылдан бастап, спортқа оралуына ешқандай кедергі болмаған еді. 

Екеуі де алғашқы жарыстарын жастарға арналған 10 шақырымнан бастауды жөн көріпті. Әзірге Якушева мен Қожахметованың деңгейін бағалау қиындау. Нәтижелері де аса жоғары деп айта алмайсың.

Бұл қашықтықа ресми түрде алматылық Екатерина Шлыкова жеңімпаз атанды. Анна Клинкова мәреге екінші келді. Алғашында қатысуға өтініш білдірген Светлана Залевская жарыс жолына шыққан жоқ. Сондай-ақ Өзбекстанның қатысушысы өнер көрсеткенімен, жерлестерімізге бәсекелес бола алмады.

Қысқы Қазақстан чемпионаты. Шымкент, 30 наурыз.  Спорттық жүріс. 10 шақырым.

Бойжеткендер:

1. Екатерина Шлыкова (Алматы) — 53.45.2 мин;

2. Анна Клинкова (ОҚО) — 57.28.0;

- Галина Якушева (ШҚО) — 50.29.5 (чемпионаттан тыс);

- Айман Кожахметова (Алматы обл.) — 54.25.6 (чемпионаттан тыс).

Тізімге қайта оралу