Бүгін Монакода әлемнің үздік жеңіл атлетінің есімі белгілі болады
170

Бүгін Монакода әлемнің үздік жеңіл атлетінің есімі белгілі болады

Бүгін Монакода әлемнің үздік жеңіл атлеті анықталады. Ал демалыс күндері Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының Кеңесі өтеді. Жұманың кешінде әлемнің үздік спортшысы, үздік жаттықтырушысы белгілі болады сондай-ақ IAAF президенті Себастьян Коэнің арнайы жүлдесі табысталады.

Монако княздігі IAAF Athletics Awards 2017 марапаттау рәсімін өткізуге сақадай-сай дайын екендігін мәлімдеп үлгерді. Салтанатты шараға әлемнің 80-ге жуық жеңіл атлеті қатысады деп күтілуде. Олардың арасында 2012 жылғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы, қазақстандық Ольга Рыпакова да бар. Бірақ жерлесіміз құрметті қонақ ретінде шақырылған.

 Ерлер арасында әлемнің үздік атлеті атанудан үміткер үш спортшы бар. Олар: Вайде ван Никерк (ОАР), Мо Фара (Ұлыбритания) Мутаз Баршим (Катар). Бұл үшеуінің ешқайсысы бұған дейін жылдың үздік атлеті атанып көрмеген. Өйткені, 2008 жылдан бері  жыл сайын Усейн Болт жеңімпаз болып жүрді.

Бір қызығы, тарихта ешқашан биіктікке секіруші спортшы әлемнің үздік жеңіл атлеті номинациясын ұтпаған. Егер катарлық Мутаз Баршим жеңіске жетіп жатса, алғашқы атлет атанбақ. Ал стайер мен 400 метрге жүгірушілер бұған дейін бір мәрте үздіктер қатарынан табылған екен. 1999 жылы Майкл Джонсон (400 м) мен 2005 жылы Кеннис Бекелені (5000 мен10 000 м) IAAF жылдың үздік спортшысы деп таныған.

Әйелдерден Алмаз Аяна (Эпиофия), Екатерине Стефаниди (Грекия), Нафиссату Тиам (Бельгия) финалдық кезеңге жолдама алды. Осылардың ішінде эпиофиялық спортшы былтыр да жеңіске жеткен болатын. Сырықпен секіруші қыздардың соңғы рет үздік атлет атанғаны 2008 жыл. Егер грекиялық Стефаниди осы жолы халықаралық ұйым тарапынан мойындалып жатса, араға 9 жыл салып, Исинбаеваның жетістігін қайталамақ. Көпсайысты серік еткен қыздар соңғы рет 1994 жылы үздік атанған. Ол тұста атақты Джеки Джойнер-Кирсидің мерейі үстем болып еді.

Жаңадан танылып келе жатқан жас жұлдыз номинациясына үміткерлер арасында екі бірдей әлем чемпионыКарстен Вархольм (400 м т/а) және венесуэлалық Юлимар Рохус (үш қарғып секіру) бар. Одан бөлек, тізімге Юлия Левченко (биіктікке секіруден әлем чемпионатының күміс жүлдегері), Салва Эйд Насер (400 метрге жүгіруден әлем чемпионатының күміс жүлдегері), Лондондағы әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері АҚШ қызы  

Кристиан Коулмен (100 м  және 4х100 м), жасөспірімдер арасында сырықпен секіруден әлем рекордсмені  Арманд Дуплантис енген.

Айта кетейік, жылдың үздік жеңіл атлетін марапаттау рәсімі 1988 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

Сондай-ақ сенбі және жексенбі күндері IAAF Кеңесі өтеді. Ол жиында Ресей жеңіл атлетика федерациясының мәселесі қарастырылады. Руне Андерсон басқаратын кеңес мүшелері Ресей Федерациясын жарыстардан алыстату жайлы шешімді әріқарай ұзартатынын немесе тоқтату қажеттігіне қатысты дауыс береді.

Тізімге қайта оралу