Биыл Қазақстан жеңіл атлетикасына 100 жыл! Суретте- Әмин Тұяқов, фото- ogni.kz

Биыл Қазақстан жеңіл атлетикасына 100 жыл!

Биыл Қазақстан жеңіл атлетикасына 100 жыл толып отыр. Ең алғаш 1918 жылы Семей қаласында жеңіл атлетикадан спорттық үйірме құрылған.

Қазақ футболының отаны Семей қаласы деп жазып жүрміз ғой. Сол секілді қазақ жеңіл атлетикасының отаны да Алашорданың астанасы болған осы қала.

Ең алғаш бұл ұйымға Алексей Огородников жетекшілік еткен. Кейіннен жеңіл атлетика басқа аймақтарда да қарқын алып, жарыстар ұйымдастырылған. 1928 жылы жеңіл атлетикадан бірінші республикалық спартакиада өткізіледі.

1956 жылы жерлесіміз Евгений Кадяйкин КСРО халықтарының спартакиадасында 3 000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден күміс медаль жеңіп алады. Соның арқасында отандастарымыздың арасынан бірінші болып, Олимпиада ойындарына қатысады.

Ал 1960 жылы Ғұсман Қосанов Рим Олимпиадасында қазақ спортшыларының арасында тұңғыш жүлдегер атанады. *Ол 1960 жылы Рим олимпиадасында күміс медальға болды. Италия астанасында 4х100 эстафеталық жарыста КСРО құрама командасы сапында Л. Бартенев, Ю. Коновалов, Э. Озолиндермен бірге мәреге екінші келді. Қосанов сондай-ақ 1960 жылғы Олимпиада ойындарында 100 метрлік қашықтықта да жарыс алаңына шыққан болатын. Жекелей сында 10,7 секунд нәтижесімен жалпы есепте 6-орынға табан тіреді.

Ғұсман Қосановты айтқан кезде Әмин Тұяқовты ұмытып кету мүмкін емес. Екеуі қазақ жеңіл атлеттері арасында алғаш КСРО-ның еңбек сіңірген спортшы шебері нормативін орындап шықты.

Ал 1970-90 жылдары аралығында елімізде Олимпиада, әлем чемпионаттарында жүлдегер атанған жеңіл атлеттердің саны көбейді. Мысалы, қарағандылық Владимир Муравьев  КСРО құрамасы сапында 4х100 эстафеталық жарыста 1980 және 1988 жылғы Олимпиада ойындарында топ жарды. Сеулде Муравьевпен бірге Жезқазған қаласының тумасы Виталий Савин қоса жүгіріп, чемпион атанған.

Жүлдегерлер қатарында Вениамин Солдатенко (1980, 50 шақырымға спорттық жүріс, күміс), Татьяна Лесовая (1980, диск лақтыру, қола), Григорий Егоров (1988,спорттық жүріс, қола) бар.

Әлем чемпионатында ең бірінші топ жарған Солтүстік Қазақстан тумасы Вениамин Солдатенко болды. Ол 1976 жылы 50 шақырымға спорттық жүрістен алтын медаль жеңіп алды.

Тәуелсіздік жылдары қазақ жеңіл атлетикасының көшін алға сүйреген спортшылардың қатарында Ольга Шишигина, Дмитрий Карпов, Ольга Рыпаковаларды айтуға болады. Қос Ольга Олимпиаданың ең биік тұғырына көтерілсе, Карпов қола жүлдеге қол жеткізген.

Сондай-ақ тәуелсіздік жылдары әлем чемпионатында жүлде салған сырықпен секіруші Григорий Егоров пен Игорь Потаповичтің еңбегін де бас бармақпен бағалауға болады.

Осы 100 жыл ішінде жоғары жетістікке жеткен спортшылардың көрсеткіші төмендегі кестеде көрсетілген.

Тізімге қайта оралу