Білмеймін, секіру ме, қарғу ма әлде, алтынды талантты қыз жеңіп алды ХVІ әлем чемпионатының жеңімпазы – Юлимар Рохас. Фото: hindustantimes.com
Нұрғазы САСАЕВ  

Білмеймін, секіру ме, қарғу ма әлде, алтынды талантты қыз жеңіп алды

Лондонда өтіп жатқан ХVІ әлем чемпионатында үш қарғып секіру сайысында Венесуэла қызы топ жарды.

Юлимар секірді ме, қарғыды ма?..

Юлимар Рохас – дәл қазіргі таңда Венесуэла халқының мақтанышы. Биыл 21 қазанда ғана 22-ге толады. Болашағы зор талантты қыз. Бойы сымға тартқандай, екі метрді жуықтайды (1,92 см). Бір артық еті жоқ. Тіл-көзіміз тасқа, жер тарпып тұр. Шашын әр түрлі түске бояп шығады – көкшіл, күлгін, алқызыл, қызылкүрең (пурпур).

Бірақ біздің айтайын деп отырғанымыз, оның шашының түсі мен сымбаты емес. Юлимар Рохастың секіру мәнері мүлде бөлек. Үш қарғып секірудегі қыздар шамаларының жеткенінше қатты адымдап, содан соң секіреді. Аяқтарын кең салады. Қолдарын екі жаққа кезек сермеп, өздерін демеп отырады.

Ал Юлимардың секіру техникасы – мүлде басқаша. Ол аса қатты адымдамайды. Бірақ секіргенде алысқа “ұшады”. Иә, ұшады деуге болады. Үшінші қарғығанында, қалықтап барып, алысқа түседі. Қалай?..

Біз осы сауалды Ольга Рыпакованың жеке жаттықтырушысы Сергей Алексеевке көлденең тартқан едік:

Енді, әркімнің секіру техникасы әр қилы болады. Юлимар үшінші қарғып секіргеніне бар күшін салады. Алысқа ұшады. Бірақ мен “ол аса қатты адымдамайды” деп айтпас едім. Оның аяқтары – қандай ұзын. Жай адымының өзі кейбір спортшылардың қарғып түскенімен бірдей. Спортшыларды үйрету және машықтандыру мектептері – әр түрлі. Сондықтан олардың секіргендері бір-біріне ұқсамайды, – деді тәжірибелі бапкер.

Жастықтың жықпай жалауын...

Содан кейінгі бір байқағанымыз, жас деген өз дегенін алады екен. Мысалы, Ольга мен Колумбия қызы Катрин Ибаргуэн алғашқы үш мүмкіндіктерінде алысқа секірді. Одан кейін шаршап қалғандары байқалды. Өйткені екеуі де 30-дан асып кеткен, біреуі 33-ке қоңыр күздің соңғы күні толады, екіншісі – 33-тің бел ортасында.

Ольга Рыпакова да, Катрин Ибаргуэн де қанша тырысқандарымен, соңғы үш мүмкіндіктерінде үшінші рет секіргендегі көрсеткіштерінен асып түсе алмады. Ал Юлимар Рохас бесінші мүмкіндігінде 14,91 метрге қарғып, бірінші орынды жұлып алды. Жастың аты – жас. Шаршау дегенді білмейді...

Тізімге қайта оралу