Ғұсман Қосанов Мемориалы: Жарыс бағдарламасы және қатысатын атлеттер
107

Ғұсман Қосанов Мемориалы: Жарыс бағдарламасы және қатысатын атлеттер

29-30 маусым күндері Алматыдағы Орталық стадионда жеңіл атлетикадан халықаралық «XXVIII Ғұсман Қосанов Мемориалы» өтеді.

Екі күнге созылатын жарыста 36 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Оның ішінде 18-і ерлері, 18-і әйелдер арасында үлестіріледі.

Жарысқа Еуропа, Азия, Африка құрлығында орналасқан 10 елдің атлеттері қатысады. Атап айтсақ, Қазақстан, Грузия, Иран, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Сирия, Түркіменстан, Кениядан 300-ге жуық спортшы бар.

Танымал спортшылардан Altay athletics клубының кениялық атлеті Каролин Кипкируи қатысатын болды. Бұл екеуі былтырғы жылы да өз бақтарын сынап, 5000 метрге жүгіруден алдарына жан салмаған болатын. Тіпті, Каролин Кипкируи  1991 жылдан бері жаңармаған рекордқа түзету енгізген еді – 15 минут 14.17 секунд.

Кипкируи биылғы жылы Дохадағы «Гауһар лигада» жеңіске жеткен спортшы.

Ираннан 2017 жылғы Ғ. Қосанов Мемориалында 800, 1500 метрге жүгіруден топ жарған Мослима Ниадууста Алматыда өнер көрсететінін мәлімдеді. Сондай-ақ Сайар Милад (110 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру), Кейван Гханбарзаде (биіктікке секіру) бар.

Соңғы жылдары ядро серпуден жерлесіміз Иван Ивановтың алдын жиі орап жүрген Али Самари де келетін болады. Ол 2017 жылы Азия чемпионатында жеңіске жеткен.

Өзіміздің спортшылардан бірінші кезекте Маргарита Мұқашеваны айтуға болады. Екі дүркін жазғы Азия ойындарының жеңімпазы жақында спортқа қайта оралған еді. Ал Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова дәл сол күні (30 маусым) Париждегі «Гауһар лиганың» жетінші кезеңінде бақ сынайды. Сол себепті Алматыда еліміздің ең үздік атлетінің өнерін тамашалай алмаймыз. Дегенмен өзге спортшылардың барлығы қатарда.

Жарыс бағдарламасына мына сайыс түрлері кіргізілген:

Жүгіру бойынша – 100, 200, 400, 800, 1500, 5000, 110 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру (әйелдерде – 100 метр), 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру, 4х100 және 4х400 метрлік эстафета;

Секіру бойынша – ұзындыққа, биіктікке, сырықпен, үш қарғып секіру;

Лақтыру бойынша – найза, балға, диск, ядро серпу.

Айта кетейік, Ғұсман Сыйтықұлы Қосанов 1935 жылы 25 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы, Изатулла ауылында дүниеге келген. Олимпиада ойындарына тұңғыш қатысқан және Олимпиада жүлдесiн тұңғыш жеңiп алған қазақ атлеті.

*Ол 1960 жылы Рим олимпиадасында күміс медальға болды. Италия астанасында 4х100 эстафеталық жарыста КСРО құрама командасы сапында Л. Бартенев, Ю. Коновалов, Э. Озолиндермен бірге мәреге екінші келді. Қосанов сондай-ақ 1960 жылғы Олимпиада ойындарында 100 метрлік қашықтықта да жарыс алаңына шыққан болатын. Жекелей сында 10,7 секунд нәтижесімен жалпы есепте 6-орынға табан тіреді.

*Ғұсман Қосановтың басқа да атақтары жетерлік. Еуропа чемпионы, КСРО чемпионатының күмiс жүлдегерi, Қазақстанның бiрнеше дүркiн чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасының жеңiмпазы. Тіпті, жеңiл атлетикадан қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш спорт шебері.

Тізімге қайта оралу