Тараза кросстан Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті

Тараза кросстан Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті

Өткен сенбіде (14 қазан) Тараз қаласында кроссқа жүгіру бойынша Қазақстан чемпионаты өтті.

Бұл дода жеңіл атлетикадан 2017 жылғы маусымдағы елішілік жарыстардың ең соңғысы  еді. Осы жолы спортшылар үшін ауа-райы қолайлы болды. Жарысқа 84 спортшы қатысты. Оның ішінде 49-ы ер, 35-і әйел атлет. Үшеуі көрші Қырғызстаннан келіп өнер көрсетті. Олар бірақ конкурстан тыс жүгірді.

Ерлер арасындағы 12 шақырымдық қашықтықты бірінші болып, Шығыс Қазақстанның тумасы Андрей Лейменов кесіп өтті. Әйелдер 8 шақырымға жүгірді. Нәзік жандылардан Қостанайдан келген Татьяна Нерознак үздік шықты.

Ал бозбалалардан (2000-01 ж.ж) алматылық Ильхам Ерқабаев 4 шақырымды 13.32,2 минутта жүгіріп чемпион атанса, бойжеткендерден Риана Зейналова 2 шақырымды 7.24,9 минутта жүгіріп, жеңіске жетті.

Одан кіші яғни 2002-03 жылдары туғандардың ішінде Алматы облысының спортшылары Владимир Епишев (6.45,4 мин.) пен Аружан Рахымберлина (7.29,9 мин.) бірінші орынға ие болды.

1998-99 жылдары туғандар арасында Артем Чижевский 8 шақырымды 28.37,0 минутта жүгірсе, қыздар арасында 6 шақырымдық қашықтықты Светлана Саунина (Қызылорда) 26.06,3 минутта бағындырды.

Жалпы командалық есепте бірінші орын Алматы облысына бұйырса, екінші орынға Алматы қаласы тұрақтады. Үштіктің қатарында Қостанай облысы бар.


Тізімге қайта оралу