Даниал Ахметов Швейцариядан келген маманмен Қазақстандағы жеңіл атлетиканы дамытуды талқылады

Даниал Ахметов Швейцариядан келген маманмен Қазақстандағы жеңіл атлетиканы дамытуды талқылады

Өскемен қаласында өткен семинардан соң, Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметов Weltklasse Zurich «Гауһар лига» кезеңінің директоры Андреас Хедигер қабылдады.Кездесу барысында екі жақ Қазақстандағы жеңіл атлетиканы дамытудың жоспарларын талқылады.

Даниал Ахметов алдағы жылдары тек аймақ емес, ел ішінде жүзеге асырылуы тиіс міндеттерді тілге тиек етті.  

Мәселен, алдағы төрт жылда ҚР Жеңіл атлетика федерациясы еліміздің 6 қаласында әлемдік стандарттарға сай келетін жеңіл атлетика спорт кешендерін ашу жоспарлап отырғанын айтты. Олардың біреуі Семей қаласында орналаспақ. Бүгінде жаңа ғимараттың жобасы бекітілген. Федерация президенті мамандардың біліктілігі мен спортшыларды оқыту әдіс-тәсілдеріне қатысты бірқатар проблемаларды да жеткізді.

– Біздің жаттықтырушылардың сапасы мен біліктілігіне қатысты мәселелер бар. Басым бөлігі өткен күннің оқыту негіздерін басшылыққа алады. Облыста дарынды атлетшілер бар. Бірақ, өкінішке  қарай, заманауи көзқарастағы жаттықтырушылар жоқ. Бұл бірінші мәселе, ал екіншісі – ғылыми зерттеу. Ол барлық посткеңестік мемлекеттерге тән проблема. Сондықтан бірінші кезекте жаттықтырушыларды оқыту мәселесі өзекті болып тұр, – деді Даниал Ахметов.  

Андреас Хёдигер өз кезегінде Қазақстандағы жағдай жан-жақты талқыланатынын  жеткізді. Бұдан бөлек, үздік халықаралық тәжірибелер басшылыққа алынып, оны Қазақстанға енгізу және қолдану жолдары қарастырылмақ.  

– Семинарды қолдана отырып, әлемдік тәжірибемен бөліскім келеді. Мәселен, Америка моделі. АҚШ университеттерінде спорт бағыты қалай дамып жатқанына, сонымен қатар, басқа да елдерде қолданылатын басты элементтерге нақтырақ тоқталамын, –дейді «Гауһар лигасы»  финалдық кезеңінің со-директоры.

Айта кету керек, Шығыс Қазақстан өткен жылы ел ішінде бірінші болып кәсіби «Altay athletics» клубын ашқан болатын.  

Кездесу барысында Даниал Ахметовке әлемдегі ең жылдам спринтер, сегіз дүркін Олимпиада чемпионы Усэйн Болттың қолтаңбасы қойылған естелік сыйлық табыс етілді.

Тізімге қайта оралу