Диана бастаған қыздарымыз жанкештілік танытты Лондон. 13 тамыз. Спорттық жүру жарысы, 20 шақырымдық бәйге
Нұрғазы САСАЕВ  
550

Диана бастаған қыздарымыз жанкештілік танытты

Жеңіл атлетикадан Лондонда өтіп жатқан әлем чемпионатында спорттық жүру жарысынан 20 шақырымдық бәйгелер аяқталды.

Таңертең жеңіл атлетиканың осы түрінен 50 шақырымдық бәйгелер басталды. Ерлер және әйелдер арасындағы алыс қашықтықтағы жарыстары аяқталысымен, 20 шақырымға жарысатын спортшылар шықты, Мұнда керісінше, әуелі қыз-келіншектер бақ сынады.

Спорттық жүру жарысынан әйелдер арасындағы 20 шақырымдық бәйге өте жоғары қарқында басталды. Құдды, жүріп емес, жүгіріп жүргендей. Енді өздеріңіз ойлап көріңіздер, 20 шақырымды 1 сағат 26 минут 18 секундта жүріп өту оңай ма?!

Иә, бұл – жеңімпаздың уақыты. Ал біздің қыздарымыз әу баста қалыңқырап қойды. Алға қарай жүйткіп ала жөнелген көшке ілесу оңай болған жоқ. Әйтсе де, үш қызымыз да қайсарлық танытып, намысқа тырысты. Бәрі де көмбеге жетті.   

Осы ретте айта кетейік, сөреден 61 спортшы шыққан болатын. Солардың бірнешеуі көмбеге жете алмай, жарыс жолынан шығып қалды. Ал бірсыпырасын төрешілер бұл бәйгеден аластатты. Олар жарысу (жүру) ережесін бұзғандай...

Сонымен, спорттық жүру жарысынан 20 шақырымдық бәйгені Диана Айдосова 47-орынмен аяқтады. Уақыты – 1 сағат 38 минут 16 секунд. Осы маусымдағы ең жоғарғы көрсеткіші! Намысқа жүгініп, шамасының келгенінше тырысқаны осыдан-ақ байқалмай ма?

Ал Полина Репина 50-ші, ал Регина Рыкова 52-ші орындарға табан тіреді. Олардың уақыттары – 1:39:56 және 1:41:59. Жүлделі орындарға Қытай, Мексика және Италия спортшылары ие болды. Олар мәрес сызығын іркес-тіркес қиды.

Сөйтіп, үш қызымыз да жарады. Әсіресе, Диана көмбеге жеткен соң ентігін баса алмады. Өте қатты шаршапты. Аянбай, барын салғаны көрініп тұр. Жарыс басталар да, «бүкіл қазақ сенің тілеуіңді тілеп отыр» деп едік, сол сөздеріміз де әсер еткен бе?...

Рахмет, саған Диана! Жанкештілік танытып, бар күш-жігерін жұмсады. Мойындауымыз керек, әлемде жеңіл атлетиканың бұл түрі жетілген үстіне жетіле түсіпті. Ал бізге әлі көп жұмыс жасау керек. Білікті бапкерлер болса да, жаман болмас па еді?..

Тізімге қайта оралу