Дисциплинасын өзгерткен жеңіл атлеттер Светлана Голендова
Бек Төлеуов  
241

Дисциплинасын өзгерткен жеңіл атлеттер

Еліміздің бірнеше жеңіл атлеті келесі маусымда басқа дисциплинада өнер көрсетуге құп көріп отыр. Біз бүгін оқырман назарына нақты шешім қабылдаған спортшыларды назарларыңызға ұсынамыз.

1. Светлана Голендова

Жамбыл облысы, Қордай ауданың тумасы спорттық карьерасын бастаған күннен 100 және 200 метрге жүгірумен айналысқан. Енді спортшы спринтерлік жарыстан орта қашықтыққа ауыспақшы. Келесі маусымда Голендова 400 метрге жүгіретін болады.

24 жастағы Голендова 4 х100 метрлік эстафетадан 2015 жылғы Универсиада ойындарында чемпион атанған. Биыл Бхуанешвардағы Азия чемпионатында командаластарымен бірге топ жарды.

2. Мерджен Ишангулиева

Әмбебап спортшы Мерджен Ишангулиева 2017 жылы 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден Қазақстан чемпион атанған болатын. Үндістанда өткен Азия чемпионатына да Мерджен дәл осы қашықтықта қатысты. Келесі жылдан бастап, тәжірибелі атлет 800 метрге жүгіреді. Негізі Ишангулиева қыркүйек айында Ашхабадтағы жабық кешендегі Азия ойындарында 800 метрге жүгіруді жоспарлаған еді. Алайда белгілі бір себептерге байланысты ол додаға қатыса алмады.


Айта кетейік, Мерджен – Түркіменстанда дүниеге келген. Жаңа ғасырдың алғашы 10 жылдығында сол елдің үздік жеңіл атлеттерінің бірі болды. Мысалы, 2008 жылы Ишангулиева Түркіменстан чемпионатында 100,400 метрге және 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру бойынша чемпион атанған. Түркіменстан құрамасы сапында Қазақстанға бірнеше рет келіп, Қосанов Мемориалында жүлдеге іліккен. 2009 жылы Берлиндегі әлем чемпионатына қатысқан.

Алматыға көшіп келген соң, көпшілікті таңқалдырып, 2014 жылы наурыз айында бокстан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысады. Тіпті, сол біріншілікте 51 келіде күміс жүлдеге ілігеді. Кейіннен ұлттық құрама сапында 2014 жылғы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында өткен әлем чемпионатында өнер көрсетті. Бірақ 1/8 финалда АҚШ-тан келген Марлен Эспарзеге жеңілді. Сол чемпионата қолың жарақаттап алып, әріқарай боксты жалғастырған жоқ.

2014 жылы жарақатына байланысты бокстағы карьерасын аяқтаған соң, жеңіл атлетикаға қайта оралды. 2015 жылы 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруден халықтар Спартакиадасы мен Қосанов Мемориалын жеңіп алды. 2017 жылы жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың штатына ілінді.

3. Татьяна Нерознак

Қостанайлық Татьяна Нерознак келесі маусымда 1500 метрге жүгіретін болады. Сондай-ақ 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруді де қоса алып жүрмекші. Ол бұған дейін негізінен 800 метрге жүгіруге мамандаған.

Нерознак сондай-ақ 10 шақырым және жартылай марафонға жүгіруден де тәжірибесі бар. Ол биыл 27 тамызда ШЫҰ Астана марафонында 10 шақырымға жүгіруден бірінші орын алған еді.

4. Дана Айдосова

Дана Айдосова егізі Диана Айдосовамен бірге спорттық жүрісті таңдаған болатын. Дегенмен жақында Дана басқаша шешімге келді. Ол бұдан былай жартылай және толық марафонға жүгіруді құп көріп отыр. Жақында спортшы Қытайдың Донггуан қаласында өткен марафоннан Азия чемпионатына қатысып қайтты.

5.Тараз қаласының тумасы Алексей Гусаров та бұдан былай тек ұзақ қашықтыққа яғни марафонға жүгіреді. Ол бұрын негізінен 1500 метрге жүгірген.

– Алғашында жай байқап көріп едім. Биылғы жылдың басында бапкерім Шымкенттегі жартылаймарафонға қатысасың ба деген болатын. 21 шақырымды 1 сағат 10 минутта жүгіріп өтіп, екінші орын алдым. Осыдан кейін марафонға деген қызығушылығым ойынды, –дейді Алексей Гусаров.

 

Тізімге қайта оралу