Желаяқтарымыз Бішкекте ешкімге дес бермеді

18.06.2017

Бек Төлеуов  
132
Желаяқтарымыз Бішкекте ешкімге дес бермеді Анастасия Виноградова мен Әйгерім Шыназбекова. фото Эдуарда Гавриша

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында жеңіл атлетикадан 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Татьяна Колпакованың жүлдесіне арналған халықаралық турнир өтіп жатыр. Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан атлеттері бірнеше сайыста жүлделі болды.

Әйелдер арасында 100 метрге жүгіруден қазақстандық Ольга Сафроноваға тең келер ешкім болмады. 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы биылғы маусымдағы өзінің үздік нәтижесін көрсетті. Ол мәреге 11.37 секундта жетті. Күміс пен қола жүлде де біздің спортшыларға бұйырды. Қарағандылық Римма Кашафутдинова (11.46 с) екінші келсе, Светлана Голендова үздік үштікті қорытындылады (11.64 с).

100 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру бойынша Қазақстанның қос мықтысы Анастасия Виноградова мен Әйгерім Шыназбекова да Бішкекке барған болатын. Осыдан бірнеше күн бұрын Алматыдағы ел чемпионатында бәсеке көрігін қоздырған Настя мен Әйгерім бұл жолы да бас жүлдені өзара бөлісті. Виноградова – 13.43, Шыназбекова –13.55 секундта келді.

Әйелдер арасындағы 100 метрге жүгіру бойынша командалық эстафетада Қазақстан құрамасы ғана қатысты. Біздің қыздардың нәтижесі – 43.77. Спортта өз-өзіңмен жарысқаннан кейін көрсеткіш аса қатты мәз бола қоймайтыны белгілі. Сондықтан жерлестеріміз аздаған босандық танытты.

Ал ерлер арасында 110 метрге тосқауылдар арқылы жүгірген маңғыстаулық Денис Семеновтің жеңіске жетуіне 14.47 секунд жеткілікті болды. Ядро серпуде тағы бір отандасымыз Иван Иванов топ жарды. Алматы облысының өкілінің көрсеткіші – 18. 97 сантиметр. Биіктікке секіруден алматылық Роман Лошкарев өнер көрсеткен еді. 20 жастағы жерлесіміз бұған дейін Алматыда өткен Қазақстан кубогы мен чемпионатында қарсыластарын қапы қалдырып еді. Бішкекте күміс жүлдені қанағат тұтты. Оның алдында өзбекстандық атлет орап кетті.

Халықаралық жарысқа Қырғызстаннан бөлек Қазақстан, Тәжікстан, Үндістан, Өзбекстан, Шри-Ланка спортшылары келген. Олар жеңіл атлетиканың 28 түрі бойынша сынға түсті.

Айта кетейік, Татьяна Колпакова КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері. «Халықтар достығы» орденінің кавалері. 1959 жылы 18 қазанда Қырғызстанның Аламедин селосында дүниеге келген. 1980 жылы Мәскеуде өткен XXII жазғы Олимпиада ойындарында ұзындыққа секіруде чемпион атанды. Аса қатты танымал емес бұл есімнің күтпеген жерден топ жаруы сол кезде сенсасияға баланған болатын. Татьяна Олимпиада ойындарында 7.06 метрге секірді. 1984 жылы спорттық карьерасын аяқтаған. Ал 1988-2001 жылдар аралығында бапкер болып қызмет атқарды. Қазіргі кезде Мәскеу қаласында тұрады. 

Тізімге қайта оралу