Георгий Шейко – спорттық жүрістен Азия чемпионатының қола жүлдегері

Георгий Шейко – спорттық жүрістен Азия чемпионатының қола жүлдегері

Бүгін, 18 наурызда Жапонияның Номи қаласында спорттық жүрістен дәстүрлі Азия чемпионаты өтті. Құрлық біріншілігіне қатысқан жерлесіміз Георгий Шейко қола жүлдеге ие болды.

Жарысқа 11 елдің спортшылары қатысты. Басты фаворит Азия чемпионатының үш дүркін чемпионы Ким Хьюн Суб (Оңтүстік Корея) мен 2017 жылғы Универсиада ойындарының қола жүлдегері Фумитака Оикава (Жапония) саналған.

Осы екі спортшы және қазақстандық Георгий Шейко бірден көштен ұзай бастады. 20 шақырымның орта тұсына жеткенде бұл үшеуі төртінші келе жатқан Нираж Ратиден (Үндістан) 1 минутқа ұзап кетті. Ал 15 шақырымды кесіп өткенде, бұл басымдық бір жарым минутқа жетті.

Соңғы шақырымда Оикава қарқынын арттырып, алтын медаль жеңіп алды. Оның уақыт көрсеткіші – 1.21,32 сағат. Ал екінші орын үшін талас Киммен Шейко арасында өрбіді. Корея спортшысы жерлесімізді 5 секундқа қалдырып, күміс медальға ие болды (1.21,52). Шейко мәреге 1.21,57 сағатта жетті.

Осылайша, Георгий Шейко Азия чемпионатының үш дүркін жүлдегері атанып отыр. Ол бұған дейін 2016 жылы қола, 2017 жылы күміс медаль еншілеген.

18 наурыз. Спорттық жүрістен XIII Азия чемпионаты. Номи (Жапония). Ерлер, 20 шақырым:

1.     Фумитака Оикава (Жапония) – 1.21,32 сағ

2.     Ким Хьюн Суб (Корея) – 1.21,52 сағ

3.     Георгий Шейко (Қазақстан) – 1.21,57 сағ.

Әйелдерден 8 елдің спортшысы қатысты. Қытайлық Дандан Дуанға ешкім бәсекелес бола алмады. Ол екінші орындағы Корея спортшысы Йон Ген Чжоннан бір жарым минутқа озып кетті. Қазақстан атлеті Регина Рыкова мәреге бесінші болып келді.

18 наурыз. Спорттық жүрістен XIII Азия чемпионаты. Номи (Жапония). Әйелдер, 20 шақырым:

1.     Дандан Дуан (Қытай) – 1.35,12 сағ

2.     Йон Ген Чжон (Корея) – 1.36,33 сағ

3.     Каори Кавазое (Жапония) – 1.37,47 сағ

Тізімге қайта оралу