Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының Конгресі басталды IAAF Конгресі өз жұмысын бастады. Фото: iaaf.org
Нұрғазы САСАЕВ  

Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының Конгресі басталды

Бүгін Лондондағы ExCel көрме орталығында Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының (IAAF) Конгресі өз жұмысын бастады. Оған Қазақстан делегациясы да қатысты.

IAAF Конгресі – Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының басқарушы органы. Алғаш рет 1912 жылы Стокгольмде өткен. Лондонда 51-інші рет ұйымдастырылып отыр. Оған IAAF-тың құрамына кіретін ұлттық федерациялардың өкілдері, кеңес мүшелері және лауазымды қайраткерлер қатысады. Жалпылама айтқанда, 200-ден астам елден 800-ден артық делегаттар келіпті.

Бірінші күні әр түрлі мәселелер талқыланып, алуан түрлі тақырыпқа баяндамалар жасалды. IAAF-тың әрбір комитеті мен бөлімдері өз жұмыстары мен жетістіктері жайлы ақпар берді. ExCel көрме орталығының екі залында өтіп жатқан Конгресте «жеңіл атлетиканы жетілдіре түсіп, дамыту міндетіміз ғана емес, бұл біздің мойнымызға алған жауапкершілігіміз» деген пікірлер де айтылды.

Жеңіл атлетика жарыстары мен сайыстарын тартымды және қызықты өткізу жолдарын қарастыру толастамауы керек екендігі, үнемі ізденіп, заман талабына сай бейімделе түсу қажеттігі жайында баяндама жасалды. «Спорт Падишасының» танымалдығы мен беделін арттыра түсу мәселесі де ортаға салынды.

Жеңіл атлетиканы жетілдіре түсу үшін ізденіс пен құлшыныс жоғары болуы керек. Әрі заман үрдісінен қалмай, жаңа технологияларды меңгеріп, оны осы спорт түріне енгізу қажет. Содан соң үйрену, оқу, тәжірибе алмасу жоғары жолға қойылғаны дұрыс. Тіпті басқа спорт түрлеріндегі үлгі тұтуға болатын жетістіктерді үйренуден қымсынудың қажеті жоқ. Міне, осындай пікірлер де айтылды.      

Бүгінгі таңдағы түйіні күрмеулі мәселелер де ашық талқыланды. Бірінші кезекте допингпен күрсеті күшейту керектігі тілге тиек етілді. Одан кейін келісілген нәтижелерге жол бермеу де көлденең тартылды. Спортшылардың құқықтарын қорғау мәселесі де шет қалған жоқ.

Одан соң жеңіл атлетика жарыстары мен сайыстарын тарату, насихаттау мәселелері де ұмыт қалған жоқ. IAAF ақпараттарының бірнеше тілге сауатты түрде аударылуын әлі де жетілдіре түсу қажет екендігі де мәлімденді. Демеушілер мәселесі бір тақырып ретінде жеке талқыланды.   

Тіпті спортшыларды жаттықтыру мен дайындау жұмыстарын бүгінгі таңдағы озық технологиямен жүргізудің маңыздылығы талқыланды. Мысалы, спортшының жасаған қимыл-қозғалысын түсіріп алып, сол жерде өзіне көрсетіп, қателіктерін нұсқаудың тиімді екендігі де пікіралмасу үлгісінде өткізілді.

Әлем чемпионаты қарсаңындағы IAAF Конгресі ертең өз жұмысын жалғастырады. Күн тәртібінде өзекті мәселелер аз емес. Соңғы жылдардағы дау-дамайы көп допинг мәселесі тереңіре талқыланады. Дауыс беру арқылы маңызды шешімдер қабылданады.

Тізімге қайта оралу