IAAF қазақстандық атлеттердің Ашхабадта табысты өнер көрсеткенін атап көрсетті

IAAF қазақстандық атлеттердің Ашхабадта табысты өнер көрсеткенін атап көрсетті

Халықаралық жеңіл атлетика федерациялар қауымдастығы (IAAF) өзінің ресми сайтында қазақстандық жеңіл атлеттердің Түркіменстан астанасы Ашхабадта өтіп жатқан жабық кешендегі Азия ойындарында сәтті өнер көрсеткенін жазды.

IAAF әсіресе жарыстың алғашқы күнінде алтын алған Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова және Иван Иванов пен Сергей Григорьев туралы баяндаған.


«Мұндай жарыс 2009 жылы Вьетнамда өтті. Сол кезде Рыпакова алтын дубль жасады. Ол ұзындыққа және үш қарғып секіруден жеңіске жетті. Арада 8 жыл өткенде Лондон Олимпиадасының чемпионы сол жетістігін қайталады. Ал ядро серпуден Иван Иванов 19, 60 метрге жеткізіп, аталған турнирдің 10 жылға жалғасқан рекордын жаңартты»,– деп жазады халықаралық қауымдастықтың тілшісі.

Одан бөлек Ольга Рыпаковаға жеке мақала арнаған «Rypakova secures asian indoor games jumps double in ashgabat» деп аталатын мақалада қазақстандық атлеттің еңбекқорлығын, жетістігін атап өткен.


– Ольга Рыпакова бірнеше жылдық тәжірибесінің арқасында жабық кешендегі Азия ойындарындағы осымен бесінші жүлдесін еншіледі. Ашхабадта үш қарғып секіруден сенімді түрде  жеңіске жетті. Спортшы үшінші мүмкіндігінде-ақ қарсыластарынан 1 метрге артық секірді. Ал күміс медаль Рыпакованың отандасы Мария Овчинниковаға бұйырды. Сөйтіп, екі атлет қазақстандық жанкүйерлерге қос қуанышты сыйлады, – деп жазылған. 

Тізімге қайта оралу