Көктемгі Қазақстан чемпионаты 2018

Есептегіш

7

Күн
Шымкент

IAAF илікпеді... Ресейге қарсы санкциясын соза түсті

04.08.2017

Нұрғазы САСАЕВ  
402
IAAF илікпеді... Ресейге қарсы санкциясын соза түсті IAAF Конгресі. Фото: iaaf.org

Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының (IAAF) 51-інші Конгресі өз жұмысын аяқтады. Бүгін көптеген өзекті мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылданды.

Есеп беру және өзекті мәселелрді талқылау

Лондонда өткен IAAF Конгресінің екінші күні әр құрлықтың ұлттық федерациялары қауымдастығы баяндама жасады. Өз жұмыстары жайлы бейне ақпараттар ұсынып, жетістіктерін тізіп шықты. Жеңіл атлетиканың қанатын кең жайып, жетіле түсуіне ықпал етіп, шағын мемлекеттерге қалай қолдау көрсетіліп жатқандығы да тілге тиек етілді.  

Бұдан кейін 2015-2018 жылдар аралығындағы қаржы мәселесі, түсім мен шығын жалпылама түрде жария етілді. Нақты ақпараттар көлденең тартылды. Негізгі пайда көзі телетаратылымдар құқығы мен демеушілер екендігі мәлімденді. Әрі Олимпиада өткен жылдары IAAF-қа түскен түсімнің басқа жылдардағы шығынның орнын жауып отыратындығы да бүкпесіз айтылды. Содан соң әлем чемпионаттарынан түсетін пайданың да аз еместігі тілге тиек етілді.

Содан соң Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының әрбір комиссиясы өз жұмыстары туралы есеп беріп, баяндама жасады. Жарыстар мен саыстар өткізу комиссиялары да өз жұмыстары туралы ақпар берді. Мәселен, жүріп жарысудан әйелдер арасындағы 50 шақырымдық бәйгенің соңғы сәтте әлем чемпионатына енгізілуі барысында аздаған пікірталастың болғаны да тілге тиек етілді.

Ардагерлер комиссиясының басшысы IAAF құрамындағы 200-ден артық мемелекеттің жартысы осы жас мөлшерінде ешқандай жарыстар өткізбейтіндігін айтып, мұңын шақты. Жастармен жұмыс жасайтын комиссия өскелең ұрпақпен қарым-қатынасты күшейту, оларды жеңіл атлетикаға тарту өте маңызды екендігін дәлелдеуге тырысты.

Жарыстар мен сайыстар өткізу комиссиясы 18 жасқа дейінгі әлем чемпионаттарын өткізудің аса тиімді болмай отырғандағын жайып салды. Мұнда көзге түсіп, жүлдеге іоіккендердің ересектер арасына өтіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүргендері тым аз екен...

IAAF илікпеді, Ресейге «есігін» ашар емес...

Бұдан кейін IAAF президенті Себастьян Коудың төрағалық етуімен «Ресей мәселесі» жеке қаралды. 2015 жылы қараша айында Ресей жеңіл атлетика федерациясы WADA комиссиясы жүргізген тексерулер негізінде IAAF құрамынан уақытша шеттетілген болатын. Басқаша айтқанда, 20 ай болды, олар Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы мүшелігінен айырылған.

Дүйсенбі күні IAAF кеңесі өтіп, осы мәселені талқыланған. Ресейдің IAAF құрамынан уақытша шеттетілуін сол күйінде қалдырған. Яғни аталмыш санкция мерзімін ұзартқан. Себебі Ресей тарапы барлық шарттар мен талаптарды түгелдей орындамаған. Конгресте осы мәселе дауысқа салынды...

Әуелі Ресей жеңіл атлектика федерациясының президенті Дмитрий Шляхтинге сөз берілді. Ол 20 айдың ішінде бұл федерацияның толықтай өзгергендігін, бұрынғы басшылар мен қатардағы қызметкерлердің отставкаға кетіп, жаңа ұжым жұмыс жасап жатқандығын, допингке қарсы күрестің мейілінше күшейтілгендігін тәптіштеп айтып шықты. Қатаң шаралар қолданылғандығын, сегіз адамның өмір бойына жеңіл атлетика саласынан аласатылғандығын да тілге тиек етті.

IAAF-тың жазғыруларын теріске шығармайтындарын, спортшыларының жиі-жиі допинг-сынақтан өткізіліп тұратындарын, енді мұндай жаңсақтықтың ешқашан қайталанбайтындығын айтып, көпшілікті сендіруге тырысты. Тіпті допинг қолданған спортшыларының кесірінен алтын, күміс және қола медалдарынан айырылған жеңілатлеттерден кешірім сұрайтындығын білдірді.   

Себастьян Коу бұдан кейін Ресейдің қайтадан IAAF-қа мүше болуы ісімен айналысатын арнайы жұмыс комиссиясының басшысы Руне Андерсенге сөз берді. Ол әуелі Ресей жеңіл атлектика федерациясының жаңа президенті Дмитрий Шляхтиннің еңбегін бағалап, оның қыруар жұмыс атқарып жатқандығын айрықша атап өтті.

Содан кейін осы мәселемен тікелей айналысып жатқан арнайы жұмыс комисиясының атқарған тергеу жұмыстарын атүсті тізіп өтті. Бұл комиссия 18 айдың ішінде ресейліктермен 11 рет кездескен. Жеті рет Ресейге барған, қалғаны бұл елден тыс жерлерде өткен. Көптеген кездесулер өтіп, телефон арқылы да байланыста болған.

Ресейді қайтадан мүшелікке қабылдау үшін алты шарт қойылған екен. Соның барлық тармақтары орындалмаған. Орындалғандарының өзі басқалармен салыстырғанда өте баяу жүргізілген. Сондықтан бұл комиссия Ресейді қайтадан IAAF құрамын қабылдауға әлі ертерек деген шешімге тоқталып, оны дауысқа салуды ұсынды. Мұны біраз елдердің өкілдері қолдады.

Конгресске қатысып отырған 187 ел (ұлтық федерация) дауыс беруге тіркелді. Солардың үштен екісі, яғни 124 мемлекет осы ұсынысты қолдаса, онда Ресей әзірше IAAF құрамына қайтадан мүше бола алмайды. Ал дауыс беру қорытындысында 166 ел Ресейге қойылған санкцияны ұзартуды қолдады. Тек 21 мемлекет бұған қарсы болды.

Сөйтіп, IAAF Ресейге “есігін” де, “құшағын” да ашпады. Уақытша шеттетілу мерзімі ұзартылды. Ал бұдан кейін Конгресс басқа мәселелерді талқылап, IAAF Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу турасындағы ұсыныстарды дауысқа салды...

Тізімге қайта оралу