IAAF жыл үздіктерін марапаттады
213

IAAF жыл үздіктерін марапаттады

25 қараша күні Монакода 2017 жылдың үздік жеңіл атлетінің есімі анықталды.

Халықаралық жеңіл атлетика федерациялар қауымдастығы (IAAF) ұйымдастырған салтанатты шараға Қазақстаннан Ольга Рыпакова құрметті қонақ ретінде қатысты. Жалпы бұл кеште әлемнің үздік 80 жеңіл атлеті бой көрсетті.

Ерлер арасында 2017 жылғы үздік атлет болып, Қатар спортшысы Мутаз Баршим танылды. Бұған дейін биіктікке секірушілердің бірде-біреуі жылдың үздік жеңіл атлеті болып көрмеген екен. Тарихта алғаш рет Мутаз Баршим осындай мәртебелі атаққа ие болып отыр. Сондай-ақ үміткерлер қатарында Вайде ван Никерк (ОАР) мен Мо Фара (Ұлыбритания) болған еді.

Әйелдерден бельгиялық жетісайысшы Нафиссату Тиам жеңіске жетті. Соңғы рет көпсайысшылардың арасында 1994 жылы  америкалық Джеки-Джойнер Кирси жыл спортшысы атанған.  Тиамнан бөлек, Алмаз Аяна (Эпиофия) мен Екатерине Стефаниди (Грекия) үздік үштіктің қатарына енді.

«Жаңадан шыққан жұлдыз» номинациясы 2017 жылы әлем чемпионы атанған норвегиялық Карстен Вархольм (400 м к/а) мен Венесуэла атлеті Юлимар Рохасқа (үш қарғып секіру) бұйырды.

IAAF президенті Себастьян Коэнің арнайы жүлдесіне атақты ямайкалық спринтер Усэйн Болт ие болды. Аңыз спортшы биылғы жылы спорттық карьеарасын аяқтаған еді.

Намбиялық маман Анна Бата жылдың үздік жаттықтырушысы атанды. Ол 50 жылдан астам жеңіл атлетикада табысты еңбек етіп келеді. Шәкірттерінің арасында ең танымалы – Олимпиада және әлем чемпионы, 400 метрге жүгіруден әлем рекордсмені Вайде ван Никерк.

Черри Александрға (Ұлыбритания) «Жеңіл атлетика жыл әйелі» деген арнайы жүлде табысталды. Александр 30 жылдан астам «спорт падишасының» дамуына орасан зор үлесін қосқан. Биылғы жылы Лондонда өткен әлем чемпонатының ұйымдастырылуына атсалысқан.

Бұл кеште спортшылар мен бапкерлерден бөлек, фотограф Пол Санвелде құралақан қалмады. Ол жылдың үздік фотографы атанды. Санвелдің Лондондағы әлем чемпионатында 100 метрге кедергілер арқылы жүгірушілердің жартылай финалдында аустралиялық Салли Пирсонды түсірген фотосы теңдесіз деп танылған екен.

Қазақстанның қазіргі таңдағы ең атақты жеңіл атлеті Ольга Рыпакова жұбайы Денис Рыпаковпен бірге қонақ ретінде қатысып қайтты. 

Тізімге қайта оралу