Қырғыз желаяқтары да Азия чемпионатының жүлдесінен дәмелі

31.01.2018

Бек Төлеуов  
92
Қырғыз желаяқтары да Азия чемпионатының жүлдесінен дәмелі Фото - VKsport.kz. Суретте - Анна Буланова

Иран астанасы Тегеран қаласында өтетін жабық кешендегі Азия чемпионатына Қырғызстан жеңіл атлеттерімен бірге ұшып келдік.

Алматы-Тегеран бағытындағы әуе рейсінде бізбен бірге Алатаудың арғы бетінен бес спортшы және бір жаттықтырушы болды.

Барлығы да өзімізге таныс үнемі жарыстарда көріп жүрген спортшылар. Мысалы, 23 жастағы Анна Буланова қаңтар айында Өскеменде қазақ спортшыларымен бірге өзінің деңгейін тексеріп көрген болатын. Анна 60 метрге жүгіруден Қазақтан чемпионатында Кашафутдинова мен Зябкинадан кейін мәреге үшін келді (7.53 с). Сондай-ақ Буланова сол күні өзінің қарым-қабілетін биіктікке секіруден де сынаған еді. Нәтижесі де жаман емес – 5.87 м. Бір айта кетерлігі, Қазақстан чемпионатында бұл сайыс түрінен барлық отандасымыздың алдын орап кетті.

Ал Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған халықаралық турнирде 60 метрге жүгіруден үшін келді.

Аннадан бөлек, әйелдерден Гүлшана Сатарова бар. Бұл спортшы былтырғы жылы Алматыда Қосанов меморалында 1500 метрге жүгіруден топ жарған. Гүлшананы әңгімеге тартқанымызда спортшы Тегеранда 1500 және 3000 метрге жүгіретінін айтты. Өзі өмірге сәби әкеліп, 2 жылдай жеңіл атлетикадан алыстап қалған екен. Тек 2017 жылы ғана жаттығуға қайта кіріскен.

Жігіттерден Қырғызстанның намысын 60 метрге жүгіруші Әли Магомедгаджиев, 800 метрге жүгіруші Мұсылман Жоламанов, 400 метрге жүгіруші Кирилл Сарасов қорғайды.

Айыр қалпақты ағайындарымыз жабық кешендегі Азия чемпионатынан ешқашан жүлдесіз қайтқан емес. Биыл да Тегеранда сәтті өнер көрсетуді көздеп отырғанын спортшылардың сөздерінен аңғардық.

Айта кетейік, VIII жабық кешендегі Азия чемпионатында Қазақстанның атынан 25 спортшы қатысады. Құрлық біріншілігі 1-3 ақпан аралығында өтеді.

Тізімге қайта оралу