Израилдың ашық чемпионаты: Лошкарев – чемпион, Овчинникова – жүлдегер Фото – Константин Князевич
122

Израилдың ашық чемпионаты: Лошкарев – чемпион, Овчинникова – жүлдегер

Израилдің жеңіл атлетикадан ашық чемпионаты биыл 4-5 шілде күндері ел астанасы Тель-Авив қаласында өтті. Осымен 82-рет ұйымдастырылыған чемпионатқа Қазақстаннан екі спортшы қатысып қайтты.

Ашық чемпион болғандықтан, Израил спортшыларынан бөлек, бірнеше елдің атлеттері келген екен. Атап айтсақ, Еуропаның Кипр, Германия, Украина, Беларусь, Грузия, Литва, Польша, Африканың Кения, Эфиопия, Мозамбик елінің атлеттері болды. Азия құрлығынан, оның ішінде Қазақстаннан биіктікке секіруші Роман Лошкарев пен үш қарғып секіруші Мария Овчинникова барды.

Лошкарев өз сайыс түрінен тек жергілікті спортшылармен жарысты. Биіктікке секіруден басқа елден ешкім келмепті. Алты спортшы жүлдеге таласты. Олардың арасында 2.17 метрді бағындырған Лошкарев чемпион болды. Ол бұған дейін Қосанов Мемориалында 2.18 метрмен қола жүлдегер атанған.

Ал Мария Овчинникова өнер көрсеткен үш қарғып секіруге 8 атлет тіркелген. Оның алтауы Израильден болса, басқа мемлекеттерден Овчинникова мен украиналық Анна Красуцкая қатысты. Негізгі фаворит, 2015 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2016 жылғы Еуропа чемпионы жергілікті Анна Князева-Миненко  саналған. Ол өзіне артылған сенімді ақтап, 14.13 метрмен жеңіске жетті. Екінші орынға 14.01 метрмен Анна Красуцкая тұрақтады. Үштікте жерлесіміз Мария Овчинникова бар. Бірақ теміртаулық атлет 12.90 метрмен шектелді.

Тізімге қайта оралу