Иван Иванов: Португалияда негізінен жылдамдық пен техниканы жетілдіруді қолға алдым
288

Иван Иванов: Португалияда негізінен жылдамдық пен техниканы жетілдіруді қолға алдым

Ашхабадтағы жабық кешендегі Азия ойындарының жеңімпазы Иван Иванов жаңа жылға дейін Португалия астанасы Лиссабонда жаттығатынын бұған дейін жазғанбыз.

Иван Ивановтан жанкүйерлер, ұлттық құраманың бапкерлер штабы 2018 жылы үлкен жеңістер күтіп отырғаны анық. Сондықтан қазан айынан бері ол Лиссабонда жаттығып жүр. Отандасымыз Португалия астанасында кешегі Кеңестер одағынан шыққан жаттықтырушы Владимир Зинченконың тобында.

– Дайындық кезеңі өте жақсы өтіп жатыр. Негізінен жылдамдық пен техниканы жетілдіруді қолға алдым. Күш жағынан менде ешқашан проблема болған емес. Сондықтан техникаға мән берген дұрыс деп ойлаймын. 5 келіден 10 келіге дейін ядроларды пайдаланып көрудеміз. Сондай-ақ жаттығу кезінде дискі де лақтырамын, одан бөлек ядроны «дискі лақтыру» әдісі бойынша серпуді де қолға алдық. Мұнда әдіс әріқарай дамуыма өз пайдасын тигізетін болады, – дейді спортшы.

Қазақстандық спортшы Лиссабонға бұған дейін де бірнеше барып дайындалған еді. Жыл басында Пиреней түбегінде 2 ай дайындалып, сәуірде оралды.

Зинченконың тобында ядроны 20 метрден асырып лақтыратын бірнеше спортшы бар екен. Мысалы, биылғы жылы тамыз айында Тайпэйдегі Универсиада ойындарының жеңімпазы Франтишку Белу дәл осы жерде дайындалып жүр. Ол Универсиада ойындарында ядроны 20, 86 метрге лақтырған болатын.

Айта кетейік, 2017 жыл Иванов үшін сәтті болды. Алдымен шілде айында Үндістандағы Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Қыркүйекте Ашхабадтағы жабық кешендегі Азия ойындарында топ жарды. Сонымен қатар Түркіменстанда осы ойындардың рекордын жаңартты – 19.60.

Тізімге қайта оралу