Жазғы Азия ойындары 2018

Есептегіш

10

Күн
Джакарта, Индонезия
Ығысыңыз «Вест Хэм», Қазақстан жеңілатлеттері келді! Әлем чемпионаты осы стадионда өтеді. Фото: iaaf.org
Нұрғазы САСАЕВ  
420

Ығысыңыз «Вест Хэм», Қазақстан жеңілатлеттері келді!

Қазақстан жеңілатлеттері үшін ХVІ әлем чемпионаты бүгін басталады. Бірінші болып сайыс жолына үш қарғып секірудегі қос қызымыз шығады.

Басталды! Жеңіл атлетикадан ХVІ әлем чемпионаты басталды. «Спорт Падишасы» өкілдерінің бүкіләлемдік біріншілігі Лондонның «Олимпиаладық» стадионында өтеді. Иә, енді, төрткіл дүние халқының назары былтырдан бері «Вест Хэм» футбол клубы үйдегі ойындарын өткізіп жүрген стадионға ауады. Өйткені, мұнда 13 тамызға дейін жер шарының ең үздік жеңілатлеттері бәйгеге түседі. Олардың арасында Қазақ елінің қыздары мен жігіті де бар.

Әзірше Лондонға сегіз спортшымыз келіп, жаттығу жұмыстарын бастап кетті. Көңіл-күйлері жақсы, жағдайлары жасалған. Олар: Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру), Виктория Зябкина (200 метрге жүгіру), Мария Овчинникова (үш қарғып секіру), Елена Наназиашвили (марафон) және спорттық жүріп жарысу өкілдері – Диана Айдосова, Георгий Шейко, Полина Репина, Регина Рыкова. 

Ал 4х100 эстафетасында бақ сынайтын қалған бес қызымыз ағылшының бас қаласына 7 тамыз күні ұшып келеді. Атап айтқанда – Ольга Сафронова, Рима Кашафутдинова, Светлана Голендова, Юлия Рахманова, Анастасия Тулапина.

Астана уақытымен 4 тамыз, яғни жұма күні кешкісін ҚР жеңіл атлетика федерациясының Бас хатшысы Лашын Аймағамбетов спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымызды жинап, басқосу өткізді. Ел намысын қорғайтын қыз-жігіттерімізге сәттілік тілеп, олардың бәрімен жүзбе-жүз сөйлесті. 

Әсіресе, әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысқалы отырған қыздарымызды жігерлендіруге тырысып, тәжірибелі спортшыларымызбен емен-жарқын сөйлесті. Жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Григорий Егоров та өз шәкірттерін ел намысын абыроймен қорғауға үндеді.

Естеріңізге сала кетейік, Астана уақытымен бүгін түстен кейін, үш қарғып секіруші қыздарымыз Ольга Рыпакова мен Мария Овчинникова іріктеу сынында бақ сынайды. Ал финалдық сайыс 7 тамыз күні өтеді. Қыздарымызға қанат “бітіп”, алысқа секірсін дейміз. Бақтары мен баптары қатар шапсын деп тілейміз.

Тізімге қайта оралу