Жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында көзге түскен талантты атлеттер
Бек Төлеуов  
285

Жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында көзге түскен талантты атлеттер

Алматыда 2000-2001 және 2002-2003 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды.

Үш күнге созылған жарысты ұлттық құраманың бас бапкері Григорий Егоров арнайы тамашалады. Бас жаттықтырушы қойын дәптеріне біраз спортшының есімін жазып алған болар. Өйткені болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшылардың бар екенін байқадық.

Әсіресе, жастардың арасында Шығыс Қазақстан облысының тумасы Екатерина Ефремова ерекше көзге түсті. Ол Алматыда үш алтын жеңіп алды. 17 жастағы спортшы жекелей сында 200, 400 метрге жүгіруден және командалас әріптестері Анастасия Заводина, Дарья Демченко, Александра Егоринамен бірге 4х100 метр эстафеталық жүгіруден топ жарды.

Сондай-ақ кіші топта қарағандылық Яна Кочмар да үш дүркін чемпион атанды. Яна Алатау баурайында 300 метрге жүгіру мен 300 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден жеңіске жеңіске жетті. Одан бөлек 4х200 метрлік эстафетадан Қарағанды облысы бірінші орын алды. Команда құрамында Кочмар да бар. Жас спортшы ел чемпионатында аянып қалмады. Соңғы жарысынан кейін жүгіру жолағынан оны достары көтеріп алып кетті.

Үш медаль алғандардың қатарында 17 жастағы жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Лаура Ахметова бар. Ол ұзындыққа секіруден  (5,60 м) күміс, үш қарғып секіруден (12,56 м) алтын алды. Сондай-ақ Анастасия Трифонова, Умида Сабирова, Дарина Исмаилмен бірге 4х100 метр эстафеталық жүгірудің күмісін де еншіледі.

   Ал 600, 1000 метрге жүгіруден Надежда Юрченко жоғары нәтиже көрсетті. Солтүстік Қазақстан облысының спортшысы екі қашықтықта да ешкімге дес берген жоқ. 

Тізімге қайта оралу