Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына тағы екі жолдама бұйырды Суретте Галина Панасенко

Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына тағы екі жолдама бұйырды

Қызылордалық Галина Панасенко мен Солтүстік Қазақстанның атлеті Кристина Морозова жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына жолдама алды.

Айта кетейік, биылғы жылы 6-18 қазан аралығында Аргентина астанасы Буэнос-Айресте жасөспірімдер арасында Олимпиада ойындары өтеді. Оған 2001 жылдан бері қарай туған спортшылар қатысады.

Осыған дейін жасөспірімдер арасындағы Олимиада ойындарына Азия құрлығынан іріктеу 4-5 шілде күндері Таиландтың Бангок қаласында өткен болатын. Ол кезде ұлдар арасында 57, қыздар арасында 32 лицензия сарапқа салынған еді. Қазақстаннан ШҚО-ның 16 жастағы атлеті Ефим Тарасов 400 метрге жүгіруден екінші келіп (48.99 сек) бес жолдаманың біреуіне иелік еткен. Керекудің 15 жастағы спортшысы Александра Залюбовская да осы қашықтықта жүгіріп, жолдамаға қол жеткізген. Ақмола облысының тумасы, 16 жастағы Анастасия Глухарева үш қарғып секіруден екінші орын алған (12.70 метр). Бұл сайыс түрінен өзі бар-жоғы екі сарапқа салынған болатын. Айтпақшы, аталған үш спортшы да Бангкокта жеке рекордтарын жаңартқан еді.

Енді, 16 жастағы алматылық Анастасия Трифонова Буэнос-Айрес Халықаралық жеңіл атлетика қауымдастығының (IAAF) жабық шешімінің нәтижесінде 200 метрге жүгіруден Олимпиада ойындарына қатысатын болды. Таиландта 4 жолдамаға квота бөлінген. Іріктеу кезеңінде алғашқы екі орынды қытайлық спортшылар жеңіп алған. Алайда Олимпиадаға бір елден бір ғана спортшы қатыса алады. Сондықтан төртінші жолдама бесінші орын алған Трифоноваға бұйырған... Бірақ қуаныш ұзаққа созылған жоқ. IAAF Буэнос-Айресте әрбір елден кемі бір атлет болу керек деп шешіпті. Сол себепті лицензия Непал мен Қырғызстан спортшыларына берілді.

Есесіне,қызылордалық Галина Панасенко мен Солтүстік Қазақстанның атлеті Кристина Морозова қуанышты жаңалық естіді. Панасенко 2000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден қатысса, Морозова 5 шақырымға спорттық жүрістен бақ сынайды.

Тізімге қайта оралу