Қазақстан 2017 жылғы Азия чемпионатын үшінші орынмен аяқтады

10.07.2017

Бек Төлеуов  
101
Қазақстан 2017 жылғы Азия чемпионатын үшінші орынмен аяқтады

Үндістанның Бхубанешвар қаласында өткен Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Төрт күнге созылған құрлық біріншілігінде Қазақстан құрамасы 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды.

Жарыстың соңғы күнінде спринтерлер үшін бәсеке сәтті болды. Әйелдер арасында 200 метрге жүгірген Виктория Зябкина биылғы маусымдағы Азиядағы үздік нәтижелердің бірін көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды. Оның уақыт көрсеткіші – 23.10 секунд. Мәреге екінші болып, Шри-Ланка өкілі Румешика Кумари келді. Үздікті үштікті тағы бір жерлесіміз Ольга Сафронова (23.47 сек) қорытындылады.

– Виктория старт басында баяу қимылдады. Кеше эстафетада жүгірген болатын. Сондықтан аздап шаршады. Дегенмен бүгін өзінің қалай жүгіретінін көрсетті. 200 метрге жүгіруде көбінесе ара қашықтықтың жартысынан асқаннан кейін шешіледі. Виктория мәреге жақындағанда күш алады. Негізінен үнемі солай жеңіп жүреді, – дейді Зябкинаның ұстазы, танымал қазақстандық жаттықтырушы Любовь Никитенко.

Осылайша, Виктория Зябкина 2017 жылғы Азия чемпионатының үш дүркін чемпионы атанды. Ол бұған дейін жекелей сында 100 метрге жүгіруден жеңіске жеткен болатын. Сондай-ақ әріптестері  Рима Кашафутдинова, Светлана Голендова, Ольга Сафроновамен бірге 4х100 метрге жүгіру бойынша командалық эстафетадан екінші алтынды иеленді.

Айта кетейік, 8 шілде күні қазақстандық жеңіл атлеттер 100 метрге командалық эстафетаға жүгіруде сары құрлықта өздеріне тең келер ешкім жоқ екенін дәлелдеген болатын. Қазақстан құрамасының уақыт көрсеткіші – 43.53 секунд. Екінші орын Қытай қыздары (44.50) болса, үштікте Үндістан (44.57) құрамасы бар.

Төртінші алтынды үш қарғып секіруден Мария Овчинникова еншіледі. Ол Азия чемпионатын 13.72 метрмен қорытындылады. 18 жастағы атлет сонымен қатар 4-13 тамыз аралығында Лондонда өтетін әлем чемпионатының жолдама алды. Мариядан бөлек, дәл осы сайыстан тағы бір қазақстандық спортшы Ирина Эктова күміс медаль жеңіп алды. Ол өз кезегінде 13.62 метрге секірді.

Азия чемпионатынан спринтер Ольга Сафроноваға екі медаль бұйырды. Ол 100 метрде  (11.45 секунд) күміс, 200 метрде қола жүлде еншіледі.

Тағы бір қоланы жарыстың екінші күнінде ядро серпуден Иван Иванов олжалаған болатын. Ол Иран мен Үндістан спортшыларын алға жіберіп, 19.41 метрге лақтырып, үшінші орынға қол жеткізді.  

Осылайша, Бхубанешвардағы Азия чемпионатынан Қазақстан құрамасына 8 медаль бұйырды. Оның төртеуі алтын, екеуі күміс, екеуі қола. Сөйтіп, жалпы командалық есепте үшінші орынға жайғасты. Көшбасында жарыс қожайыны Үндістан 29 медаль (12 алтын, 5 күміс, 12 қола) мен Қытай (8 алтын, 7 күміс, 5 қола) бар.

Жалпы, Азия чемпионатына 43 елден 800-ден астам спортшы қатысты.

Тізімге қайта оралу