ҚР Кубогы 4 кезең

Есептегіш

1

Күн
Алматы
Қазақстан әлем чемпионатын 31-орынмен аяқтады
Бек Төлеуов  
261

Қазақстан әлем чемпионатын 31-орынмен аяқтады

Ұлыбритания астанасы Лондонда жеңіл атлетикадан XVI әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Қазақстаннан барған 13 атлеттің арасынан Ольга Рыпакова қола жүлдеге қол жеткізді.

Жеңіл атлетикадан биылғы әлем біріншілігі 4-13 тамыз аралығында өтті. Дүниежүзілік додаға әлемнің 205 елінен 2034 спортшы қатысты. Олардың ішінде тек 43 елдің спортшысы ғана жүлдеге ілікті.

Лондонда өнер көрсету үшін атлеттердің алдында екі жол болды, біріншісі іріктеу сынында белгіленген нормативті орындау немесе өз сайысында Үндістандағы Азия чемпионатында жеңіске жету қажет еді. Қазақстан спортшылары екі мүмкіндікті де тиімді пайдалана білді.

Отандық атлеттер Ұлыбритания астанасында жеңіл атлетиканың бес түрінен сайысқа түсті (әйелдер арасындағы марафон, 200 метрге жүгіру, үш қарғып секіру, 20 шақырымға спорттық жүріс, және 4х100 метрлік эстафета). Әлем чемпионатына жарақатына байланысты соңғы сәтте марафоншы Ирина Смольникова қатыса алмай қалды. Сондай-ақ Виктория Зябкина мен оның жеке жаттықтырушысы ақылдаса келе, 100 метрге жүгіруден бас тартып, спортшы тек 200 метрде өнер көрсетті.  

Әйелдер арасындағы үш қарғып секіру сайысында Ольга Рыпакова (ШҚО) осы маусымдағы үздік нәтижесін көрсетіп, қола медаль жеңіп алды. Спортшы Лондонда 14,77 метрге секірді. Олимпиада чемпионы, колумбиялық Катрин Ибаргуэн бұл жолы 14,89 метрмен күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал әлем чемпионы атағы Венесуэладан келген жас талантты спортшы Юлимар Рохасқа (14,91 метр) бұйырды.

Сөйтіп, Ольга Рыпакова осымен үшінші рет әлем біріншілігінде жүлдеге қол жеткізді. Ол бұған дейін 2011 жылы Тэгуде, 2015 жылы Пекинде де үздік үштіктің қатарынан көрінген.

Әйелдер арасындағы 4х100 метрлік эстафетаға жүгіруден Қазақстан құрамасы 13-орынға ие болды. Төрттіктің құрамында Рима Кашафутдинова (Қарағанды облысы), Виктория Зябкина (Алматы), Светлана Голендова (Жамбыл), Ольга Сафронова (Павлодар) жүгірді. Іріктеу кезеңінде Зябкина эстафета таяқшасын Голендоваға беру кезінде жаза басып, аздаған уақыт жоғалтып алды. Осылайша, финалға шығуға мүмкіндік болмады. Қосалқы құрамда сондай-ақ Юлия Рахманова мен Анастасия Тулапина (екеуі де – Алматы) болды.

Виктория Зябкина 200 метрге жүгіруден жартылай финалға өтпеді. Спортшының тізеден алған жарақаты мазалап, жоғары нәтиже көрсетуіне кедергі келтірді. Сонымен қатар үш қарғып секіруші Мария Овчинникова (Қарағанды облысы), спорттық жүрістен – Георгий Шейко, Полина Репина (екеуі де – БҚО), Диана Айдосова (Алматы), Регина Рыкова (ОҚО) үздік жиырмалықтың қатарына кіре алмады. 

Әлем чемпионаты аяқталған соң, жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Григорий Егоров қорытынды жасады.

– Ольга Рыпакова жоғары деңгейлі спортшы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Маусым ортасында аздаған қиындықтар болып, жақсы нәтиже көрсете алмай жүрді. Дегенмен жылдың басты жарысына дейін өзінің спорттық бабына еніп үлгерді. Соның арқасында әлем чемпионатында осы маусымдағы ең үздік нәтижесін көрсетті, – дейді Г.Егоров.

Бас бапкердің айтуынша, қазіргі кезде құраманың сөзсіз көшбасшысы – Ольга Рыпакова. Ал оның ізін басып келе жатқандардың арасында 18 жастағы  Мария Овчинникова (үш қарғып секіру), 21 жастағы Диана Айдосова (спорттық жүріс) және 22 жастағы Рима Кашафутдинова (100 метрге жүгіру) бар. Ал Виктория Зябкина, Ольга Сафронова, Светлана Голендова, Георгий Шейко және өзге де Қазақстанның үздік жеңіл атлеттері шеберліктерін жетілдіріп, жаңа деңгейге көтерілуге мүмкіндіктері бар.

Жалпы командалық есепте АҚШ құрамасы топ жарды. Олар дүниежүзілік додадан 27 медаль еншіледі (9 алтын). Екінші орынға Кенияға орналасса, үздік үштікті Польша спортшылары қорытындылады. Ал Қазақстан бір қола медальмен Катар, Куба, Португалия, Танзания, Тринидад және Тобаго, Хорватия, Жапония мемлекеттерімен бірге 31-орынға жайғасты. 

Тізімге қайта оралу