Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

8

Күн
Дунгань, Қытай

Қазақстан чемпионатын кениялық желаяқтар жеңіп алды

14.06.2017

147
Қазақстан чемпионатын кениялық желаяқтар жеңіп алды Каролин Кипкируй кейбір қазақстандық желаяқтарды бірнеше айналымға озып кетті

5000 метрге жүгіруде жігіттер арасында да, қыздар арасында да өзіміздің отандастарымыздан бөлек, бір-бір кениялық желаяқтар жарыс жолына шыққан. Екеуі де қарсыластарын шаң қаптырып, мәре сызығын бірінші болып қиды.

Ерлер арасындағы жарысқа 26 желаяқ тіркелгендіктен ұйымдастырушылар комитеті атлеттерді екі топқа бөліп жүгіртті. Екінші топта кениялық Шадрак Коечпен қатар жарыстың бірінші күні 10 мың метрде алдына жан салмаған шығыс қазақстандық Андрей Лейменов те болған. 10 шақырымды жеңгенде Андрейден неліктен осы күнге дейін ұлттық құрамаға ілікпей жүргенінің себебін сұрағанбыз. «Оны жаттықтырушылардан сұрап көрсеңізші» деген сол кезде атлеттің өзі. Жауабын бүгін білдік. Ешкімнен сұраған жоқпыз. Жарыс жолына шыққанда-ақ сұрақтың жауабы өзінен өзі білінді.

Пистолеттің «тақ» еткен дауысы естілгеннен-ақ Андрей Лейменов пен тараздық Михаил Красилов алға ұзап кетпек болған. Алайда, кениялық «қара маржан» небәрі бір айналым ғана арттарынан ілесіп жүрді де, келесі айналымда төртінші-бесінші емес, бар болғаны үшінші жылдамдықты қосты да, әлгі екеуін қуып жеткені былай тұрсын, басып озып, «ат шаптырым» жерге дейін ұзап кетті. Содан жете алмасын түсінді ме, әлде басқа да себептер болды ма, Лейменов екінші айналымнан кейін-ақ жарыстан шығып қалды. Қайта оның қасында Красиловтың жүйкесі мықты екен, бес шақырымды толық жүгіріп өтті де, мәре сызығын қиғанда терең демалып, еңкейе отырды. Ал одан бір минут бұрын ерте жеткен Шадрак Коеч бұл кезде түк болмағандай стадионды тағы бір рет еркін айналып, жүгіріп жүрген еді. Айтпақшы, Шадрактың жасы небәрі 17-де. Қазақстан чемпионатында Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғауда.

Қыздар арасындағы жағдай да осындай. Кениялық Каролин Кипкируй чемпионаттың бірінші күні 10 мың метрде екінші орын алған өскемендік Ирина Смольникованы екінші орынға жайғастырып, өзі жігіттеріміз көрсеткен көрсеткішті қайталады.

5000 метрге жүгіру

Ерлер:

1. Михаил Красилов (Жамбыл) – 15:11.13

2. Бибол Серікбол (Астана) – 15:28.82

3. Дарын Қонысбаев (Алматы обл) – 15:36.71

Байқаудан тыс: Шадрак Коеч (Кения) – 14:17.44

Әйелдер:

1. Ирина Смольникова (ШҚО) – 17:27.58

2. Виктория Сергеева (СҚО) – 17:37.39

3. Татьяна Нерознак (Қостанай) – 18:04.64.

Байқаудан тыс: Каролин Кипкируй (Кения) – 15:12.86

Тізімге қайта оралу