ҚР Кубогы 4 кезең

Есептегіш

1

Күн
Алматы
Қазақстан атлеттері Азия чемпионатында соңғы 15 жылдағы ең үздік нәтижесін көрсетті
Бек Төлеуов  
307

Қазақстан атлеттері Азия чемпионатында соңғы 15 жылдағы ең үздік нәтижесін көрсетті

Үндістанның Бхубанешвар қаласында өткен ХХII Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Сары құрлықтың додасына Қазақстаннан 31 атлет қатысты. Жерлестеріміз 8 медаль жеңіп алды. Оның төртеуі алтын. Жалпы командалық есепте үшінші орын еншіледі. Бұл соңғы 15 жылдағы ең үздік көрсеткіш.

Соңғы рет Азия чемпионатынан 4 алтынды 2007 жылы еншілеген едік. Сол кезде Иорданияның Амман қаласында өткен Азия чемпионатында Қазақстан атлеттері  4 алтын, 1 күміс, 5 қола медальға қол жеткізді. Амманда 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден Евгений Мелешенко, ұзындыққа және үш қарғып секіруден Ольга Рыпакова, жетісайыстан Ирина Карпова (Науменко) чемпион атанған болатын. Бірақ командалық есепте алтыншы орыннан аса алмадық.

Одан кейін 2009 жылы 10-14 қараша аралығында Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы құрлық біріншілігінде 2 алтынды қанағат тұттық. Екі алтын да үш қарғып секіру сайысынан бұйырды. Ерлер арасында Роман Валиев, әйелдерден Ольга Рыпакова топ жарды. Бұл жарыста жерлестеріміз жалпы 7 медаль жеңіп алды. Командалық есепте бесінші орын.

2011 жылы Жапонияның Кобе қаласында тек үш қарғып секіруден Евгений Эктов үздік шықты. Күншығыс елінен атлеттеріміз жалпы саны 6 жүлдеге ие болды.  Командалық есепте сегізінші орын.

2013 жылы Үндістанның Пуна қаласындағы Азия чемпионатында Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дмитрий Карпов онсайыстан ешкімге дес бермесе, 200 метрге жүгіруден Виктория Зябкина 23,62 секундпен бірінші келді. Жалпы медаль саны бесеу. Командалық есепте жетінші орын.

2015 жылы Қытайдың Ухань қаласында тағы да 200 метрге жүгіруден Виктория Зябкина алтын алып берді Ал өзге атлеттерімізге тұғырдың ең биік сатысынан көріну мүмкін болмады. Бір алтыннан бөлек, 3 күміс, 3 қола еншіледі. Командалық есепте Қазақстан тоғызыншы орында қалып қойды.  

Жоғарыдағы статистикаға қарап, Қазақстан соңғы 15 жылда Азия чемпионатында жалпы командалық есепте үшінші орынға ілінбегенін көруге болады. Соңғы рет 2002 жылы қазіргі құрама бапкері Григорий Егоров өнер көрсеткен кезде Қытай мен Қатарды алға жіберіп, үздік үштіктен көрінгенбіз. Бірақ ол кезде алтын саны алтау болды. Егоров сол жолы сырықпен секіруден қоланы қанағат тұтқан болатын.

Ал 2003 жылы 1 алтын, 2005 жылы тіптен чемпион ешкім шықпаған еді.

Айта кетейік, Бхубанешвардағы Азия чемпионаты 6-9 шілде аралығында өтті. Қазақстан құрамасы сапынан әйелдер арасында 100 және 200 метрге жүгіруден Виктория Зябкина, үш қарғып секіруден Мария Овчинникова және 4х100 метрге жүгіру бойынша командалық эстафетадан қыздар құрамасы чемпион атанды. Ольга Сафронова 100 метрде күміс, 200 метрде қола медаль, Ирина Эктова үш қарғып секіруден күміс, Иван Иванов ядро серпуден қола медаль еншіледі. 

Тізімге қайта оралу