Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері тағайындалды

03.05.2017

164
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері тағайындалды

Бүгін Алматыдағы «Royal Tulip» қонақүйінің мәжіліс залында Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының журналистерге арналған баспасөз мәслихаты өтіп, ұлттық құрамамыздың бас бапкері тағайындалды.

Енді жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасын Григорий Егоров жаттықтырады. 12 қаңтарда 50 жасқа толған Григорий Александрович Шымкент қаласының түлегі болғанымен соңғы жылдары Испанияда тұрып келді. Сырықпен секіруден 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының чемпионы.

1993 жылғы әлем чемпионатында екінші орынды иемденген. Жабық кешендегі дүниежүзілік чемпионаттың екі дүркін күміс жүлдегері. Халықаралық аренадағы басқа да жетістіктері жетерлік. 5,90 метрді төрт рет бағындырған оның рекордын Азия бойынша әлі ешкім бұза алмай келеді. Жаңа бас бапкерді көпшілікке Федерацияның бірінші вице-президенті Эльдар Табанов таныстырды.

–Менің бұл қызметке тағайындалуым – ұлттық құрама атлеттерінің Азия Гран-приіндегі жетістіктерімен сәйкес келіп отыр. Жақсы ырым. Енді осы жұмысты одан әрі жалғастырып, жеңіл атлетиканы жаңа белестерге көтеруіміз қажет. Әлбетте, Азия бойынша біздің аз-кем жетістіктеріміз бар. «Сары құрлықта» топ жарып жүрген желаяқтарымыз аз емес. Дегенмен, әлемдік деңгейде де атой салатын халге жетуіміз керек. Ол үшін инфрақұрылымды күшейту кезек күттірмейтін мәселелердің бірі, - деп ағынан жарылды Григорий Егоров.

Бас бапкердің сөзін Эльдар Табанов та құптап, Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы жас спортшылармен жұмыс жасау, инфрақұрылымды күшейту бағдарламаларының жасалып жатқандығын айтып, еліміздің әр өңірінде «Спорт падишасының» өкілдеріне арналған арнайы спорттық кешендерді салу ісін қолға алып жатқандықтарын атап өтті.

Сондай-ақ, баспасөз мәжілісіне қатысқан жаттықтырушылардың сұрақтарына жауап бере келе әр облыстардағы командалардың өз спорттық киім-жабдықтары болуы тиістігіне аса назар аударылатындығын да жеткізді.

Тізімге қайта оралу