Колпакова турнирі: Александр Каспер 100 метрге жүгіруден чемпион атанды

Колпакова турнирі: Александр Каспер 100 метрге жүгіруден чемпион атанды

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында ұзындыққа секіруден Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Татьяна Колпакованың жүлдесіне арналған дәстүрлі халықаралық жарыстың алғашқы күнінде қазақстандық атлеттер бірнеше жүлдеге қол жеткізді.

Ерлер арасындағы 100 метрлік жарыста 24 жастағы Астана қаласының спортшысы Александр Каспер жеңіске жетті. Сондай-ақ 4х100 метрлік эстафетадан да жігіттеріміз үздік шықты.

Жалпы, ерлер арасындағы қысқа қашықтыққа жүгіруге 19 спортшы ниет білдірген екен. Оның ішінде жартысы Қазақстаннан. Финалда екі отандасымыз бас жүлдеге таласты. 22 жастағы керекулік Дамил Сутжанов пен астаналық Александр Каспер арасындағы тартыста соңғысының бағы жанды. Кспер мәреге 10.82 секундта жетті. Оған 0,1 секунд есе жіберген Сутжанов екінші орын алса, үздік үштікті жергілікті спортшы Дмитрий Загоскин (10.85 сек.) қорытындылады.

Ал командалық эстафетадан павлодарлық төрттік (Александр Русак, Сутжанов, Сергей Русак, Дәурен Мәкенов) аталған қашықтықты 41.73 секундта кесіп өтті. Күміс медальға ие болған Қырғызстан құрамасының уақыт көөрсеткіші – 41.76 секунд. Үштікте Тәжікстан бар (42.14 сек.).

110 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден бұйырғаны қола болды. Оның иегері – 25 жастағы шымкенттік Артем Саблин (15.05 сек.).

Тізімге қайта оралу