Колпакова турнирі: Бішкектегі Фандюшина мен Ушакованың бенефисі

Колпакова турнирі: Бішкектегі Фандюшина мен Ушакованың бенефисі

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында ұзындыққа секіруден Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Татьяна Колпакованың жүлдесіне арналған дәстүрлі халықаралық жарыстың алғашқы күнінде қазақстандық атлеттер бірнеше жүлдеге қол жеткізді.

Қыздар арасында 1500 метрге жүгіруден ұлттық құраманың көшбасшысы Татьяна Нерознак бұл жарысқа қатысқан жоқ. Есесіне, керекулік Евгения Фандюшина сенімді ақтады. Ол бұл турнирде жеңіске жетіп ғана қоймай, жеке рекордын орнатты (4:28.78 мин.). Екінші орын өзбекстандық Маржона Баратоваға бұйырса (4:32.18 мин.), үздік үштікті жергілікті спортшы Гүлшана Сатарова қорытындылады.

Жарыс алдында Сатарова фаворит саналған. Былтырғы жылы Алматыдағы Ғ.Қосанов мемориалында топ жарған. Биыл Тегерандағы жабық кешендегі Азия чемпионатында екінші орын алған. Дегенмен, Фандюшина осы жолы Алматыда кеткен есесін Бішкекте қайтарды.

400 метрге жүгіруден 20 жастағы қарағандылық Любовь Ушакова өзінің спорттық карьерасындағы үздік көрсеткіштердің бірін тіркеді. Жерлесіміз 400 метрді 54.98 секундта жүгіріп өтті. Екінші орын тәжікстандық Кристина Пронженконың еншісінде (55.02 сек.). Қола жүлдеге тағы бір отандасымыз Мерджен Ишангулиева ие болды. 

Тізімге қайта оралу