Лашын Аймағамбетов: Қазақстанда Азия жеңіл атлетика қауымдастығының техникалық орталығын ашу идеясын ұсындық

Лашын Аймағамбетов: Қазақстанда Азия жеңіл атлетика қауымдастығының техникалық орталығын ашу идеясын ұсындық

Жакартадағы Азия ойындары кезінде Азия жеңіл атлетика қауымдастығының президенті Дахлан Әл-Хамад мырзамен Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының вице-президенті Алексей Кондрат пен бас хатшы Лашын Аймағамбетов кездескен болатын. Алдын-ала жоспарланған кездесуде Қазақстанда Орталық-Азия елдерінің техникалық орталығын ашу идеясы ұсынылды.

Бас хатшы Лашын Аймағамбетов ҚР жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында орталық ашу туралы идеясымен бөлісті. 

– IAAF биылдан бастап, техникалық орталықтар ашуды құрлықтық қауымдастықтырға берген болатын. Мұндай орталық Азияда екі мемлекетте бар. Біреуі – Қытай астанасын Пекинде, екіншісі – Индонезияның Жакарта қаласында. Бұрын IAAF-тың аймақтық дамыту орталығы Мәскеуде де болған. Бірақ санкцияларға байланысты жабылып қалды.Сондықтан Кеңес одағы елдерінен шыққан мамандар қазіргі кезде біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік ала алмай отыр. Біз үшін техникалық орталық құру өте маңызды. Сол кезде бапкерлердің біліктілігін арттыра аламыз. Біздің федерация мұндай мәселені алғаш рет көтеріп отырған жоқ.

Дахлан мырзамен Жакартадағы кездесуде Астана немесе Алматыда осындай орталық ашу идеясын ұсындым. Азия жеңіл атлетика қауымдастығының президенті бұл идеяны қолдады. Істеп жатқан жұмысымызға оң бағасын беріп, серіктестігіміз үшін алғысын айтты.

Енді алғашқы қадам – Қазақстанда Орталық Азия елдеріне арналған курс өткізу. Одан соң, барлық критерийлер бойынша жұмыстарды жүргізу. Бірінші кезекте IAAF-тың сертифкатын алған аймақтық тұрақты орталық құру. Пекин мен Жакартадағы орталықтарда оқу курсы ағылшын тілінде өткізіледі. Егер Орталық Азия елдерінде осындай орталық ашылса, біздің бапкерлер үшін тілдік мәселе шешілер еді. Тағы бір айта кететін жайт, IAAF –тың мұндай дамыту орталығын ашу, жеңіл атлетикаға ғана емес, жалпы Қазақстан спортына үлкен серпіліс әкелетіні анық, – дейді Лашын Аймағамбетов. 

Тізімге қайта оралу