08.01.2018

Бек Төлеуов  
180
 Әлемге танымал марафондар

Соңғы кездері жалпы халықтық марафон өткізу Қазақстанда да дәстүрлі үрдіске айналып келеді. Алматы, Астана қалаларынан бөлек, облыс орталықтары да әр түрлі деңгейдегі марафондарды ұйымдастыра бастады.

Өткен жылы 27 тамызда Астанада алғаш рет IAAF-тың сертификатын алған халықаралық ШЫҰ марафоны өтті. Оған 5000-нан астам адам қатысты. Осы ретте kazathletics.kz тілшісі әлемге әйгілі халықаралық марафондарға шолу жасап көрген болатын.

Халықаралық жеңіл атлетика федерациялар қауымдастығы аясында өтетін (IAAF) рейтингі жоғары халықаралық марафондар үшке бөлінеді: «алтын», «күміс», «қола».

World Marathon Majors – біркүндік танымал марафондар сериясы. Олардың арасында Бостон, Лондон, Берлин, Чикаго, Нью-Йорк марафондары бар. Бұл марафондар IAAF-тың алтын лейбліне ие. 2013 жылы осы серияға Токио марафоны да қосылды.

Бостон марафоны (BAA Boston Marathon) – жыл сайын өткізілетін дәстүрлі марафон (АҚШ, Массачусетс штаты). Марафон сәуір айының үшінші дүйсенбісі күні ұйымдастырылады.

Бостон марафоны – ең алғаш рет  кәсіпкер Херберт Холтонның қолдауымен 1897 жылы өткізілген.

Негізінен марафонға 27 мың адамға дейін қатысуға дейін рұқсат етілген. Алайда кейбір жылдары 36-38 мыңға дейін қатысушылар болған. Бұл марафонды 500 мыңнан астам көрермен тамашалайды.

Бостон марафонының тас жолы техникалық тұрғыдан әлемдегі ең қиын марафондардың бірі.

2013 жылдың 15 сәуірінде марафонның мәреге жетер тұсында екі жарылыс болды. Жарылыстан 3 адам қаза тауып, 200-ден астам адам жарақат алды. Бұл жарылысты ағайынды Тамерлан мен Джохар Царнаевтардың ұйымдастырғаны анықталған еді. Тамерлан полициямен атыс кезінде қаза тапса, Джохар сот үкімімен өлім жазасына кесілді.

Лондон марафоны (Virgin London Marathon) – жыл сайын Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында өткізіледі. Негізінен сәуір айында. Ең алғаш 1981 жылы ұйымдастырылған. 2014 жылы марафонға 36550 адам қатысты. Марафонның көрермендер саны 750 мыңнан асып жығылады.

Стартқа кәсіпқой және әуесқой жүгірушілердің барлығы қатыса алады.

Берлин марафоны  (BMW Berlin-Marathon) – қыркүйек айының соңғы жексенбісінде өтеді. Алғаш рет 1974 жылы 13 қазанда ұйымдастырылған.

1990 жылға дейін тек Батыс Берлинде өткізіліп келді, ал Берлин қабырғасы құлаған соң, марафоншылар Бранденбург қақпасы арқылы да жүгіретін болды.

Жалпы, марафонға 40 мың адам қатысуға мүмкіндік бар. 2008 жылы мәреге 35913 адам келіп жетті. Көрермен саны – 1,5 миллион көлемінде.

Чикаго марафоны  (Bank of America Chicago Marathon) – АҚШ-тың Иллинойс штатында қазан айында өткізіледі. Күзгі марафондардың ішіндегі ең танымалы.

2011 жылы Гүлжанат Жанатбекті жаттықтырып жүрген ресейлік Лилия Шобухова үшінші рет осы марафонды жеңіп, рекорд орнатқан болатын. Бірақ кейіннен допинг дауына байланысы барлық нәтижелері жойылды.

Марафонда 45 мың қатысушыға дейін рұқсат етілген. Көрермен саны бүгінгі таңда 1,7 миллион адамға дейін жеткен.

Нью-Йорк марафоны  (ING New York City Marathon) – Нью-Йорк қаласында жыл сайын қараша айының бірінші жексенбісінде өткізіледі.

Бұл марафон 1970 жылдан бастау алады. Алғашында 127 адам қатысыпты. Ол кезде қаладағы Орталық саябақтың айналысында ұйымдастырылған. Арада 5 жыл өткенде осы марафонның негізін салған Фред Лебо жүгіру тас жолына өзгеріс енгізіп, Нью-Йорктың бес ауданын қамтиды. Қазіргі кезде аталған марафон қанатын жайып, әлемдегі ең танымал марафондардың қатарына енген.

Жыл сайын Нью-Йорк марафонына қатысуға 40 мың адам келеді. 2011 жылы 47340 адам қатысты. көшеде марафоншыларды 2 миллионнан астам көрермен қолдауға шығады.

Токио марафоны (Tokyo Marathon) – Жапония астанасы Токио қаласында өткізіледі. Азия құрлығындағы ең ірі марафон. Тарихы 1981 жылдан бастау алады. 2013 жылы марафонға 35,5 мың адам қатысты. Токио марафонына қатысушылар қаланың барлық көрікті жерлерін жүгіріп өтеді.

Тізімге қайта оралу