Литвин Люксембургтегі халықаралық жарысты төртінші орынмен аяқтады

Литвин Люксембургтегі халықаралық жарысты төртінші орынмен аяқтады

400 метрге жүгіруден ұлттық құрама көшбасшысы Михаил Литвин 29 шілде күні Люксембургте өткен Meeting International 2018 Luxembourg турниріне қатысты.

Михаил Люксембургке 23 шілдедегі Қазақстан чемпионатынан кейін келді. Бұл оның биылғы жазғы маусымдағы үшінші халықаралық жарысы. Осының алдында Латвиядағы Рига Кубогында 46.51 секундпен үшінші орын алған. Одан кейін 16 шілдеде Рёде (Германия) қаласында өткен 48 International Leichtathletik Rhede Meeting додасында чемпион атанған (46.16 сек.). Осы жолы жерлесіміз 46,05 секундпен төртінші орынға ие болды.

Жерлесіміздің алдын Катардың екі үздік атлеті Абдерахман Самба мен Мохамед Аббас және нигериялық Эммануэль Бамиделе орады. Бұл үштіктің бұған дейінгі нәтижелері де қазақстандықтан жоғары болатын.

Самба мәреге 45.33 секундта жетіп, бірінші орын алса, Абасқа күміс жүлде бұйырды (45.53). Үштікте Бамиделе бар (45.60).

Әзірге Литвиннің осы маусымдағы және жалпы спорттық карьерасындағы үздік көрсеткіші 29 маусым күні Ғ.Қосанов Мемориалында тіркелді. Ол кезде 22 жастағы атлет 1985 жылы Александр Курочкин орнатқан Қазақстан рекордын жаңартты – 45.50 секунд.

Люксембургтегі жарысқа 32 елдің спортшылары қатысты. Азия елдерінен Катар мен Сауд Арабиясының спортшылары бар.

Тізімге қайта оралу