Жазғы Азия ойындары 2018

Есептегіш

7

Күн
Джакарта, Индонезия
Лондондағы қазақ жанкүйерлері немесе Рыпаковамен селфи Лондондағы қазақ жанкүйерлері – Жанат Мұқышев және Алмас Есжанов.
Нұрғазы САСАЕВ  
486

Лондондағы қазақ жанкүйерлері немесе Рыпаковамен селфи

Жеңіл атлетикадан Лондонда өтіп жатқан әлем чемпионатында Ольга Рыпакова өнер көрсеткен күні стадионға бір топ қазақ жанкүйерлері келді.

Үш қарғып секіруден әйелдер арасындағы финалдық бәсеке өтетін күні «Олимиадалық» стадионға ертерек келгенбіз. Стадионның ұзындыққа секіретін спортшылар өнер көрсететін жақтауына жақынырақ отырып, орын алып алмаса болмайды.

Дәл сол сәтте үш қарғып секіруден ерлер арасындағы іріктеу сындары өтіп жатқан. Ондағы әрбір спортшы өз өнерін аяқтаған сайын бірлі-жарым орын босайды. Ал олар финалға екшеліп болғанда, бірінші және екінші қатардағы орындар да босады.

Орын босағанша саяқ жүрген қазақ жанкүйерлерін тауып алдық. «Бүгін Ольга Рыпакова шығады» деп, екі өкпелерін қолдарына алып, жетіп келіпті. Лондонда тұратын қазақтар, жұмыстан шыққан екен. Біреуі тіпті «Қазақстан» деген жазуы бар жейдесі мен киімдерін сол жерде ауыстырып, киіп алды.

Өздерін Жанат Мұқышев және Алмас Есжанов деп таныстырды. Лондонда жұмыс жасап, тұрып жатқандарына біраз уақыт болып қалыпты. Біз оларды өзімізбен бірге кіргізіп алдық. Бірінші қатарға жайғастық. Олар бұған қатты қуанып қалды.

Жанаттың айтуынша, Лондонда тұратын қазақтар ұйымшыл сияқты. Айына бір рет жиналып, дастархан басына отырып, емен-жарқын сөйлесіп тұрады екен. Негізі, Фейзбук арқылы бәрі сол күні Ольга Рыпакованың өнерін көруге уағдаласыпты. Бірақ көбісі демалысқа кеткен. Кейбіреуі жұмыстан үлгере алмаған.

«Өзімізде бар еді, ұмытып кетіппіз» деп еліміздің көк байрағын сұрады. Бердік, әрине. Олар Туымызды желбіретіп, қиқуды салды. Рыпакова секірген сайын айқайға басады. Телеоператорлар түсіріп жатыр. Әрине, біз де оларға қосыламыз.

Ольга да кішіпейіл, ізетті ғой. Финалдық бәсеке аяқталған соң бірінші қатарға жүгіріп келді. Жанат пен Алмасты құшақтап, тіпті беттерінен сүйіп, рахмет айтып жатыр. Екеуі мәз. Екі езулері екі құлақтарында. Мұндай бақытты сәт селфисіз бола ма? Ольгамен құшақтасып, суретке түсіп алды. «Енді, бүгін келмей қалғандардың іштерін күйдіреміз, бәріне көрсетеміз», – деп қояды.

Тізімге қайта оралу