Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

3

Күн
Дунгань, Қытай

Марафонға қандай киім киген дұрыс – Марат Жыланбаевтың кеңесі

03.08.2017

142
Марафонға қандай киім киген дұрыс – Марат Жыланбаевтың кеңесі

Марат Жыланбаев марафонға қандай киім кию қажеттігі туралы кеңес береді.

Тамыздың 27-сі күні Астанада ШЫҰ халықаралық марафоны өтеді. Осы жарысқа арналған «Марафонға дайындық» атты арнайы жобамызда «шөл даланың жампозы», Африка, Азия, Оңтүстік Америка құрлықтарының ең ірі сахараларын жалғыз өзі жүгіріп өтіп, Гиннестің рекордтар кітабына енген Марат Жыланбаев марафонда жүгірем деуші әуесқойларға кеңестер береді. Оның алғашқы кеңесі спорттық киімге байланысты болмақ:


– Марафон кезінде киімге қойылатын ең басты талап – үстіңіздегі киім өзіңізге ыңғайлы болуы тиіс. Ешқашан марафонға жаңадан алған, бұрын тексеріп көрмеген киімді кимеңіз. Онымен тым болмаса екі-үш рет жаттығыңыз. Шорты болсын, футболка, кроссовка, тіпті лыпа болсын, бәрі бұған дейін киілген болғаны дұрыс. Өйткені, жаңа киімдер марафон кезінде ыңғайсыздық танытуы ғажап емес. Аяқты қажамас үшін жүгіруге киетін кроссовкаңыз бір мөлшерге үлкен болғаны жөн.

Нәскиіңіздің де резіңкесіз болғанын қадағалаңыз. Шешкен кезде аяғыңызда резіңкенің ізін қалдыратын нәскиден неғұрлым тезірек құтылыңыз. Жүгірген кезде мұнда шұлықтар өте қауіпті. Себебі, аяқты қысып тастайды да, қан айналымына кесірін тигізеді. Егер резіңкесіз нәски таппасаңыз онда, қайшымен кесіп тастауға немесе банкі кигізіп, резіңкесін созып тастауға болады. Абзалы кроссовкаларға арналған қысқа нәски киіңіз. Айтпақшы, қазір небір ұзын шұлықтар сәнге айналып кетті ғой. Марафонға ондайды кимей-ақ қойғаныңыз дұрыс. Олардың көбі тар болады да, қан айналымына кесірін тигізіп, жүрекке салмақ салады. 

Футболкаға байланысты да бір кеңес берейін деп едім. Әлбетте, ыңғайлысын таңдаңыз. Дегенмен, ұзақ қашықтыққа жүгіргенде кейбір футболкалар денеңе жабысы, қолтығыңды қажап тастайды. Мен мұны өз тәжірибемнен білемін. Мұндайда пластырь алып, қажаған жерге жабыстырып тастаңыз. Сондай-ақ, арнайы май жағуға да болады. Сонымен қатар, қажамас тігісі тегіс футболка киіңіз. Ал денеге еркін тұратынын таңдайсыз ба, әлде жабысып тұрғанын қалайсыз ба, бұл енді өзіңіздің еркіңіз. Бұл шорты мен лыпаға да байланысты. 

 Тағы бір айта кетерлік нәрсе, егер күн ыстық болып жатса, басыңызға кепка немесе бандамка киіп алғаныңыз жақсы.

«Марафонға дайындық» айдарының келесі шығарылымында Марат Жыланбаев жарысты сөреден қалай бастау қажеттігі туралы кеңес береді.

 

Тізімге қайта оралу