Марафоншы мұраты – көмбеге жету Лондон. 6 тамыз. Марафоншы Елена Наназиашвили және ҚР жеңіл атлетика федерациясының Спорттық директоры Александр Кощеев
Нұрғазы САСАЕВ  

Марафоншы мұраты – көмбеге жету

Бүгін Лондонда өтіп жатқан әлем чемпионатында марафоншылар бәйгесі аяқталды. Қазақстан қызы Елена Наназиашвили көмбеге үш сағатқа жуық уақытта жетті.

Ашығын айтуымыз керек, әйелдер арасындағы марафон тым қолайсыздау уақытта өтті. Таңертең ерлер арасындағы марафоншылар бәйгесі басталды (жергілікті уақытпен сағат 10:55-те). Олар түгелдей көмбеге жетіп болған соң, көп ұзамай әйелдер арасындағы ең алыс қашықтықтағы жарысқа кезек келді.

Нақтырақ айтқанда, әйелдер арасындағы марафон Лондон уақытымен тура 14:00-де басталды. Былайша айтқанда, түскі астың – уақыты. 42 шақырым 195 метр жарыс жолына шығарда, Еленамыз әзілдеп күледі – Түскі асты ішу керек пе, жоқ па?..

Шынымен де, марафон жүгірер алдында тамақ ішу керек пе, жоқ па? Тамақ ішіп жүгірсең, оңай болмасы анық. Ал ештеңе ішпей шықсаң, түскі асқа үйренген ағзаға қалай әсер етеді?.. Әрі әлем чемпионаты басталғалы жаңбыр себелеп, қоңыр салқын болып тұрған Лондонда күн де бүгін ысып кетті.

Сонымен 92 спортшы қыз сөреден шықты. Португалия қызы Катарина Рибейро суырылып алға шығып, 37 минут көш бастады. Одан кейін британдық Элисон Диксон көмбеге жақындағанша жеке-дара көш бастап, жергілікті халықты қуанышқа бөледі. Ал мәреге жақындағанда нағыз үздіктер қарқындарын үдетті.

Сөйтіп, көмбеге Бахрейн елінің намысын қорғаған Роуз Челимо бірінші боып жетті. Бұл – оның ең алғашқы ерен жетістігі. Мәселен, Рио Олимпиадасында 8-орынмен шектелген екен. Екінші орынды Кения қызы Эдна Киплагат иемденді. Мәре сызығына жақындағанда Кенияның екінші қызын басып озған Америка аруы Эми Крэгг қола жүлдеге ие болды.

Біздің Елена Наназиашвили 42 шақырым 195 метр ауыр жолды 2 сағат 58 минут 32 секунд ішінде жүгіріп өтіп, 73-орынға ие болды. Осы ретте айта кеткеніміз жөн болар, сөреден шыққан спортшы қыздардың ішінде көмбеге жете алмағандары да көп болды (14 спортшы).

Кеше Елена Наназиашвилимен кездескенімізде айтқан, «ертең 2 сағат 45-50 минут ішінде жүгіріп өтсем, жаман болмас еді» деген болжамы тура келді. Марафон жарысының қолайсыз уақытта өткендігінен ол өзі межелеген көрсеткішіне қол жеткізе алмады. Әйтсе де, марафоншы қызымыздың көмбеге жеткені мен қайсарлық танытқандығын айрықша атап өткіміз келеді.

Тізімге қайта оралу