Маргарита Мұқашева үшінші рет Азия ойындарының финалына шықты ФОТО- ҚР ҰОК баспасөз қызметінен
72

Маргарита Мұқашева үшінші рет Азия ойындарының финалына шықты

Индонезия астанасы Жакарта қаласында өтіп жатқан XVIII Азия ойындарында жеңіл атлетикадан бүгін үшінші жарыс күні. Таңертеңгілік сессияда 800 метрге әйелдер арасында жүгіруден жарысқан қазақстандық Маргарита Мұқашева финалға жолдама алды.

Жарыс жолына жалпы саны 20 спортшы шықты. Оларды үш топқа бөліп жүгіртті. Финалға әр топтан алғашқы екі орын алған және уақыт көрсеткіші жоғары тағы екеуін өткізді.

Қазақстан намысын қорғаған Маргарита Мұқашева соңғы екі Азия ойындарында (2010 және 2014) бұл қашықтықта ешкімге есе жібермеген спортшы. Рио Олимпиадасынан кейін тұрмысқа шығып, ана атанған Маргарита жыл басында спортқа қайта оралған.

Біздің желяқ бірінші топта жүгірді. Жерлесіміздің алдын 21 жастағы Бахрейн спортшысы Марта Йота (2:04.35 мин.) мен 18 жастағы жапон қызы Айано Шиоми (2:04.46 мин.) орап кетті. Мұқашева мәреге үшінші болып жетті. Жерлесіміз осы маусымдағы әзірге ең үздік нәтижесін тіркеді – 2:04.52 мин.

Айтпақшы, жоғарыда аталған үш спортшы жалпы есепте алғашқы үштікте түйіндеп тұр. Өзге топтағы атлеттер бұлардан уақыт жағынан қалып қойды.

27 тамыз.Жакарта. XVIII Азия ойындары. 800 метрге жүгіру (іріктеу, әйелдер).

Бірінші топ:

1. Марта Йота (Бахрейн) – 2:04.35 мин. Q

2. Айано Шиоми (Жапония) – 2:04.46 мин. Q

3. Маргарита Мұкашева (Қазақстан) – 2:04.52 мин. q

Финал ертең Астана уақытымен 18:30-да басталады.

Тізімге қайта оралу