Мария Овчинникова 19 жаста
Бек Төлеуов  
307

Мария Овчинникова 19 жаста

Бүгін еліміздегі талантты жеңіл атлеттердің бірі Мария Овчинникованың туған күні. Теміртаулық үш қарғып секіруші 19 жасқа толды.

Мария – 1998 жылы Қарағанды облысының Теміртау қаласында дүниеге келген. Спортшы танымал Лариса Ившинаның қарамағында жаттығады. Кезінде еліміздегі үздік спринтерлердің бірі болған Ившина талай дүлдүл шәкірттерді тәрбиеледі. Солардың бірі – Мария Овчинникова. Бүгін 19 жасқа толып жатқан атлет биылғы жылдың маусым айында Ғұсман Қосанов мемориалында 13,94 метрге секіріп, өзінің спорттық карьерасындағы әзірге ең үздік нәтижесін көрсетті. Осы көрсеткішінің арқасында ол 20 жасқа дейінгі атлет арасында бірінші орынды ешкімге берген жоқ.  Бұған дейін Овчинникованың жеке рекорды – 13,67 метр болатын.

2017 жыл Мария үшін табысты болды десек, артық айтқанымыз емес. Ол алдымен Үндістанның Бхубанешвар қаласында өткен Азия чемпионатында 13,72 метрге секіріп, чемпион атанды. Одан кейін Ашхабадтағы Азия ойындарында күміс медальға қол жеткізді.

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы жас атлетті туған күнімен құттықтай отырып, спорттық мансабында табыс, қажымас қайрат, жарақаттан аман болып, жоғары жетістіктерге жете беруін тілейді. 

Тізімге қайта оралу