Мутаз Баршим биіктікке секіруден 2018 жылдың үздік нәтижесін тіркеді
Бек Төлеуов  

Мутаз Баршим биіктікке секіруден 2018 жылдың үздік нәтижесін тіркеді

Иран астанасы Тегеран қаласында өтіп жатқан жабық кешендегі Азия чемпионатына Катардың талантты спортшысы Мутаз Баршимнің қатысуы күтпеген жағдай болды.

Әлемдік ареналарда атой салып жүрген атлеттер көбінесе құрлық біріншілігіне қатыса бермейді. Дегенмен Мутаз наурыз айының басында Бирмингемде өтетін әлем чемпионатының нормативін орындау үшін келген тәрізді.

26 жастағы Мутаз  «Афтаб Энгелаб» кешеніне жиналған жанкүйерлер керемет шоу көрсетті. Спортшы Азия чемпионатын 2.38 метрмен жеңіп алды. Екінші орындағы ирандық Джахани одан 13 сантиметрге қалып қойды. Қола жүлде тағы бір катарлық Хамди Аминге бұйырды (2.15 м). Қазақстан намысын қорғаған Роман Лошкарев сегізінші орынды қанағат тұтты.

Баршим жабық кешендегі Азия ойындарында осымен бесінші рет топ жарып отыр. Бұған дейін 2010 жылы (Тегеран), 2012 және 2014 (Ханчжоу, Қытай) және 2016 (Доха) жылдары қарсылас шыдатпаған болатын.


Енді әлем чемпионатында 2014 жылғы жетістігін қайталауға талпынып көреді.

Айта кетейік, Мутаз Эсса Баршим 1991 жылы дүниеге келген. Әкесі денешынықтыру сабағының мұғалімі, жаттықтырушы. Баласын жас кезінден спортқа баулыған. 15 жасынан бастап, тек биіктікке секірумен айналысады. Жеке рекорды – 2.43 метр. Осы нәтижесінің арқасында тек кубалық Сотомайордан қалып тұр (2.45).

2010 жылдан бері әлемдік спорттың элитасында жүр. Олимпиада ойындарында 2012 жылы қола, 2016 күміс медаль еншілеген. Ал былтырғы жылы ол үшін тіпті сәтті болды. Барлық ірі халықаралық жарыстарды түгел дерлік ұтып шықты. Оның ішінде Лондондағы әлем чемпионаты да бар. Жыл соңында Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығы оны «Жылдың үздік атлеті» деп таныды.

2018 жылдың үздік нәтижесін осыған дейін Чехияның  Густопече қаласында өткен турнирде ресейлік Данил Лысенко тіркеген болатын. Енді, міне, Мутаз одан 1 сантиметрге озып кетті.

Тізімге қайта оралу