ҚР Кубогы 4 кезең

Есептегіш

1

Күн
Алматы
Ол оралды: Маргарита Мұқашева Бішкектегі жарыста топ жарды
76

Ол оралды: Маргарита Мұқашева Бішкектегі жарыста топ жарды

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында ұзындыққа секіруден Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Татьяна Колпакованың жүлдесіне арналған дәстүрлі халықаралық жарыс өз мәресіне жетті. Қазақстаннан барған атлеттердің арасында жеңіске жеткендер қатарында Маргарита Мұқашева да бар.

Екі дүркін Азия ойындарының жеңімпазы Рио Олимпиадасынан кейін спорттан қол үзген. Оған өзіндік себеп бар. Маргарита тұрмысқа шығып, сәбилі болды. Бірақ спортшы үйінде көп жата алмады. Тамыз айында Роман есімді ұл баланы дүниеге әкелген Солтүстік Қазақстан облысының тумасы қазан айында жаттығу жұмыстарын бастап кетті. Енді, міне, жарыс жолына да шыға бастады. Алғашқы халықаралық сайысында 800 метрді 2:08.51 минутта жүгіріп, чемпион атанды. Екінші орын керекулік Евгения Фандюшинаға бұйырды (2:09.67 мин.).

Жарыстың екінші күніндегі өзге нәтижелерге тоқталатын болсақ, 5000 метрге жүгіруден былтырғы жылы Тайбэйдегі Универсиада ойындарында жеңіске жеткен қырғызстандық Дарья Маслова қарсыластарынан оқ бойы озық екенін байқатты. Жергілікті спортшы осы жарыстың рекордын жаңартты (15:28.64 мин.). Екінші орынға өзбекстандық Нұрхон Мұхиддинова (17:30.02 мин.) тұрақтаса, қола жүлде алматылық Жанна Мамажанованың еншісінде (17:35.30). Тағы бір қазақстандық атлет Дана Айдосова бесінші орыннан әрі аса алмады.

Әйелдер арасындағы үш қарғып секіруден чемпион атану үшін өзбекстандық Ирина Беловойға 12.84 метр жеткілікті болды. Алматыдан барған Лаура Ахметова 12.25 метрмен екінші орынға ие болды. Өкіншітісі, жерлесіміз алты мүмкіндіктің төртеуінде ереже бұзды. Алдын-ала хаттамада тәжірибелі отандасымыз Ирина Эктова есімі жазылып тұрған. Бірақ Солтүстік Қазақстан облысының атлеті жарыс жолына шыққан жоқ.

Ядро серпуден өзбекстандық Елена Смольяноваға тең келер ешкім болмады. Жабық кешендегі Азия чемпионатының жеңімпазы 17.12 метрмен жеке-дара көшбастады. Бұл сайыс түрінен Қазақстаннан екі атлет барған. Маңғыстау облысының спортшысы Надежда Кирнос 11.34 метрен үшінші орынға іліксе, алматылық Сарифа Рзакулиева 10.65 метрмен төртінші орында қалып қойды.

400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден тәжікстандық Кристина Пронженко жеңісті ешкімге бермеді (1:00.08 мин.). Еліміздің атынан қатысқан Светлана Кузнецова (1:00.64 мин.) екінші келсе, Аделина Ахметова (1:01.17 мин.) үштікті қорытындылады.

Тізімге қайта оралу