Ольга Рыпакова Бангоктағы Азия ойындарына қатысқан құрамадағы жалғыз атлет
Бек Төлеуов  

Ольга Рыпакова Бангоктағы Азия ойындарына қатысқан құрамадағы жалғыз атлет

Санаулы күндерден кейін Түркіменстан астанасы Ашхабад қаласында жабық кешендегі Азия ойындары басталады.

Спорттық ғимаратта өткен құрлық біріншілігі осымен бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін 2005 жылы Бангокта, 2007 жылы Макаода, 2009 жылы Ханойда, 2013 жылы Инчхонда өтті.

Бұл жолы Қазақстан 15 жеңіл атлетке сенім артып отыр. Олардың арасында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да бар. Бір қызығы, Рыпакова ең алғаш рет өткізілген Бангоктағы жабық кешендегі Азия ойындарына қатысқан Қазақстан құрамасындағы жалғыз спортшы.

Таиландта жерлесіміз бессайыстан қатысқан. Сол жолы  3 954 ұпай жинап, чемпион атанды.

Одан кейін 2009 жылы Ханойға барды. Вьетнам астанасында Ольга үш қарғып және ұзындыққа секіру сайыстарында өнер көрсетті. Екі бағдарламада да үздік шығып, қос алтынмен елге оралды.

Бұл жолы Ашхабадта да екі үш қарғып және ұзындыққа секіруден өнер көрсететін болады.

Айтпақшы, Ханойда өскемендік атлеттің ұзындыққа секірудегі нәтижесі  6, 58 метр болатын. Биыл мамыр айында Қазақстан кубогында 6,50 метрге секірді. Осы жылы сары құрлықта әлі ешкім бұл көрсеткішті қайталамаған екен. 

Айта кетейік, Ашхабадтағы V жабық кешендегі Азия ойындарына жеңіл атлетиканың 13 түрі енгізілген. Спортшылар 26 медаль жиынтығын сарапқа салады. Сайыстар үш күнге созылады (18-20 қыркүйек).

Тізімге қайта оралу