Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

1

Күн
Дунгань, Қытай

Ольга Рыпакова Монакодағы «Гаухар лигада» алтыншы болды

22.07.2017

Бек Төлеуов  
130
Ольга Рыпакова Монакодағы «Гаухар лигада» алтыншы болды

Бүгін Монакодағы «II Луи» стадионында жеңіл атлетикадан «Гаухар лиганың» аса маңызды кезеңдерінің бірі аяқталды.Әлемнің үздік спортшылары Лондондағы әлем чемпионатының қарсаңында өздерінің дайындықтарын бір пысықтап көрді.  

Әйелдер арасындағы үш қарғып секіру сайысына сегіз спортшы қатысты. Олар –  Катрин Ибаргуэн  (Колумбия), Юлимар Рохас (Венесуэла), сондай-ақ Кимберли Уильямс (Ямайка), Параскеви Папахристу (Грекия), Патрисия Мамона (Португалия), Елена-Андреа Пантуриу (Румыния), Жанин Ассани-Иссуф, Руги Диалло (екеуі де – Франция). Қазақстаннан 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова өнер көрсетуге мүмкіндік алды.

Биыл өзі әйелдер арасындағы үш қарғып секіру сайысысы тек төрт кезеңде қамтылған. Ең алғаш бұл сайыстың үздіктері Римдегі төртінші кезеңде бас қосты. Ол кезде Юлимар Рохас жеңіске жеткен болатын. Одан кейін 16 шілде күні Мароккода өткен 10-кезеңде Олимпиада чемпионы Катрин Ибаргуэн топ жарды. Ал Монакодағы 11-кезеңде тағы да колумбиялық жеңіске жетті. Ол өзінің ең жоғары мүмкіндігінде 14,86 метрге секірді. Екінші орынға Римдегі кезеңнің жеңімпазы Юлимар Рохас орнасты. Венесуэла  спортшысының көрсеткіші –14,83 метр. Үштікті Кимберли Уильямс (14,54) қорытындылады.

Ал Ольга Рыпакова алғашқы мүмкіндігінде 14,12 метрге секірген еді. Одан кейінгі талпыстарының барлығы төмендеу болды. Сөйтіп, жарысты алтыншы орынмен аяқтады.

Қазіргі кезде жалпы  есепте 23 ұпаймен Ибаргуэн бірінші орында тұрса, екінші орынға 17 ұпаймен Рохас көтерілді. Үштікте соңғы екі кезеңде қола жүлде алған ямайкалық Кимберли Уильямс (15 ұпай) қорытындылап бвр. Ал 14 ұпай жинаған Ольга Рыпакова алғашқы төрттіктің қатарында.

Айта кетейік, Дохада басталған лига Бельгия астанасы Брюселльде аяқталады. Жалпы «Гаухар лига» 14 кезеңнен тұрады. Чемпион атанған атлетті 50 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы күтіп тұр. Сондай-ақ әрбір кезеңде үздік нәтиже көрсеткен спортшының қалтасы да бос қалмайды. Кезең жеңімпаздарына 10 мың доллар көлемінде сыйақы үлестіріледі.

Тізімге қайта оралу