Ольга Рыпакова Рабаттағы «Гаухар лигаға» қатысады
Бек Төлеуов  
353

Ольга Рыпакова Рабаттағы «Гаухар лигаға» қатысады

Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова 16 шілде күні Марокко астанасы Рабатта өтетін жеңіл атлетикадан «Гаухар лига» сайысының 10-кезеңіне қатысады.

Ольга бұған дейін 8 маусым күні Римде өткен төртінші кезеңге қатысып, қола жүлде жеңіп алған болатын. Лондон Олимпиадасының чемпионының Римдегі ең жоғарғы көрсеткіші 14.64 метр болды. Әзірге бұл жерлесіміздің осы маусымдағы ең үздік нәтижесі. Соның арқасында Рыпакова үштіктің қатарынан көрінді. Бұл сайыста Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Юлимар Рохас чемпион атанды. Венесуэла елінің өкілі 14.84 метрге секірді. Ал Олимпиада чемпионы колумбиялық Катрин Ибаргуэн 14.78 метрмен жарысты екінші орынмен аяқтады.

Осы  үштік өткен жылы Рио Олимпиадасының тұғырынан да көрінген болатын. Тек ол кезде Ибаргуэн чемпион атанып, Рохас күміс медаль қанағат тұтқан еді.

–  Өзімнің көрсеткішіме көңілім толды. Ұзақ уақыт демалыстан кейін үздік үштікке кіруім де жаман емес. Бабымда екенімді көрсеттім. Оның үстіне, Италияда өзімді нашар сезіндім. Ұшаққа отырғанда-ақ аздап әлсіздігімді сезіндім. Жарыс жолына шыққанда да кішкене өзімді ыңғайсыз сезініп жүрдім. Осының барлығына қарамастан осындай көрсеткішке қол жеткізгеніме ризамын. Тек бір ғана мүмкіндігімде 14,60 метрден артық секіргенім аздап көңілімді құлазытты, – деген Ольга жарыстан кейін біздің порталдың тілшісіне берген сұхбатында. 

Төртінші кезеңнен кейін Юлимар Рохас сегіз, Катрин Ибаруэн жеті, Ольга Рыпакова алты ұпай жинады. Үш қарғып секіру сайысы финалға дейін төрт жарыс кезеңіне енгізілген.

Рыпакова 16 шілде күні Рабаттағы оныншы кезеңге, 21 шілде күні Монакодағы он бірінші кезеңге қатысады. Одан кейін жерлесіміз Лондондағы әлем чемпионатында өнер көрсетеді.

Рабаттағы лиганың бағдарламасына ерлер арасындағы ядро серпу, ұзындыққа секіру, биіктікке секіру, сырықпен секіру, 200 және 800 метрге жүгіру және 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру енгізілген. Әйелдер найза лақтыру, үш қарғып секіру, 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру, 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру және 100, 400, 1500 метрге жүгіру сайыстарынан сынға түседі. 

Рабаттағы «Гаухар лиганы» шілденің 16-сынан 17-сіне қараған түні 00:00-де «Қазспорт» арнасы тікелей эфирде көрсетеді.

 Дохада басталған лига Бельгия астанасы Брюселльде аяқталады. Жалпы «Гаухар лига» 14 кезеңнен тұрады. Чемпион атанған атлетті 50 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы күтіп тұр. Сондай-ақ әрбір кезеңде үздік нәтиже көрсеткен спортшының қалтасы да бос қалмайды. Кезең жеңімпаздарына 10 мың доллар көлемінде сыйақы үлестіріледі.

Тізімге қайта оралу