Ольга Рыпакова Ашхабадтағы Азия ойындарына қатысады

17.08.2017

Бек Төлеуов  
201
Ольга Рыпакова Ашхабадтағы Азия ойындарына қатысады

Түркіменстанның Ашхабад қаласында өтетін жабық кешендегі V Азия ойындарына Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова қатысады.

Үш дүркін Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегерінің жаттықтырушысының айтуынша, Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден бөлек, ұзындыққа секіруден де өнер көрсетуі мүмкін. Жеңіл атлетика федерациясы тізімге еліміздің дәл қазіргі таңдағы ең үздік атлетін осы екі бағдарлама бойынша қосатын болады.

Айта кетейік, Рыпакова үш қарғып секіруден биылғы маусымдағы ең үздік нәтижесі 14 метр 77 сантиметр.  Ол бұл нәтижесін жақында Лондонда өткен әлем чемпионатында көрсетті. Азияда биылғы маусымда жерлесімізден басқа әзірге 14 метрге ешкім секірген жоқ. Ал ұзындыққа секіруден Ольганың көрсеткіші – 6, 50 метр. Шығыс Қазақстан облысының тумасы 13 мамырдағы Қазақстан кубогында осындай нәтиже көрсеткен болатын. Үндістанда өткен Азия чемпионатының жеңімпазы Тхи Тху Тхао Буи 6,54 метрге секірген болатын. Сондықтан Рыпакова бұл сайыста бас жүлде еншілеуге мүмкіндік жоғары.

Азия ойындарына дейін Ольга Рыпакова 20 тамызда Бирмингемде, 24 тамызда Цюрихтегі  «Гаухар лига» сайысына қатысады.

Тізімге қайта оралу