Олимпиададан марафон тиімді ме?.. IAAF мамандары Астана марафоны өтетін тас жолдарды өлшеп, тексеріп жүр
Нұрғазы САСАЕВ  
317

Олимпиададан марафон тиімді ме?..

27 тамыз күні Астанада өтетін марафонға келген IAAF мамандары бас қаламызға қызығып та, сүйсініп та отыр.

Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының білікті мамандарына сенсек, Астана осындай маңызды шара өткізуге өте қолайлы жер екен. ҚР жеңіл атлетика федерациясының журналистері IAAF-тың испаниялық білікті маманы Мигель Анхелмен кездесіп, сұхбаттасқанда көптеген маңызды да, құнды мәліметтерге қанықты. Енді соларды жіктеп шықсақ:

1. Қолжетімді, тиімді, арзан...

Бұқаралық сипатта салауатты өмір салтын қалыптастырудың ең тиімді жолу – жүгіру, әр түрлі жарыстар ұйымдастыру. Өйткені бұған көп шығындалудың қажеті жоқ. Ең бастысы, сапалы тас жолдар мен жүгіруге ниет білдірушілер болса, болғаны. Әрине, марафон сияқты шараларды өткізу үшін хронометршілер, медицина қызметкерлері, полиция қызметкерлері және волонтёрлар қажет. Сондай-ақ, оған қатысушыларды міндетті түрде ауыз сумен қамтамасыз ету керек. Машаһаты аз емес. Бірақ...

Байқайсыз ба, ешқандай да спорттық кешендер салудың қажеті жоқ! Ешқандай да арнайы жабдықтар орнатудың қажеті жоқ! Қажеті – теп-тегіс тас жол ғана! Ал марафонға немесе басқа қашықтықтардағы жарыстарға қатысушыларға қажеті – тек ыңғайлы аяқ-киім және жейде, шолақ шалбар. Болды, басқа ештеңе керек емес.

2. Туризмді дамытудың ұтымды жолы

Марафон жарыстары қала ішінде өткізіледі. Әлбетте, оның бағыты қаланың әдемі көшелері мен сәулетті ғимараттарын басып өтетін жолдар арқылы құрастырылады. Қысқаша айтқанда, туристер қызығатын, сүйсінетін орындар, ғимараттар керек. Ал мұндайлар Астанада аз емес. Марафон шетелдік телеарналар арқылы таратылса, нұр үстіне нұр.

«Қазір әлемде көптеген марафондар өткізіліп тұрады. Өте көп. Ал оған қатысушылардың көбісі жыл сайын бір қалада, бір жолмен жүгіре бергісі келмейді. Олар басқа қалалардағы марафондарға қатысуды ойлайды. Жер көріп, басқаша әсер алғылары келеді. Ал сіздерде, көп ұзамай EXPO-2017 көрмесі аяқталады. Жергілікті билікке туристерді тарту жолын ойлап табу керек. Ал марафон – бүкіл әлем назарын өзіне қаратып, ақпарат “радарларынан” түспеудің тамаша жолы. Ең бастысы, көп шығын қажет емес», – дейді IAAF-тың беделді маманы Мигель Анхел.

Түйін

Өткен жолы жаздық, бүгінде әлемнің өркениетті қалаларының бәрінің дерлік өз марафондары бар. «Нью-Йорк марафоны», «Лондон марафоны», «Париж марафоны», «Рим марафоны», «Токио марафоны»... осылай-осылай кете береді. Әрі жыл сайын ұйымдастырылады. Олардың бәрі осы марафондарды еріккеннен өткізіп отырған жоқ шығар. Яғни пайдасы, қайырымы бар болғаны ғой.

Ендеше, бізге де неге осындай халықаралық деңгейдегі ауқымды марафондар өткізуді қолға алмасқа?! Кім біледі, бәлкім, бәленбай жылда бір Олимпиада ойынын өткізгеннен гөрі, жыл сайын шығыны аз марафон өткізіп тұрған тиімді және пайдалы шығар?! Ал мамандар «Астана теңіз деңгейінен 350 метр биіктікте орналасқан, халықаралық талапқа сай, марафон өткізуге өте қолайлы», – деп отыр. Ойлану керек сияқты...

Тізімге қайта оралу