Өскемен қаласында «Altay athletics» кәсіби клубының таныстырылымы өтті
250

Өскемен қаласында «Altay athletics» кәсіби клубының таныстырылымы өтті

Шығыс Қазақстанда «Altay athletics» атты алғашқы кәсіби жеңіл атлетика клубы құрылды.

Бүгін Өскемен қаласында облыстық драма театрда салтанатты тұсаукесер рәсімі өтіп, клубтың алдағы қызметі мен жоспары таныстырылды. Оған облыс әкімі Даниал Ахметов қатысты.

«Бүгін біз тамаша спорттық клубты ашып отырмыз. Осындай тарихи күнде араларыңызда болғаныма қуаныштымын. Клубтың құрамында әлемдік жарыстарда алтын, күміс, қола жүлде алып жүрген спортшыларды қабылдадық. Шынын айтқанда, біздің әрбір спортшы мақтанышымыз. Олардың арасында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың болуы клубтың беделін одан әрі арттырады деп ойлаймын. Бүгін клубтың таныстырылымына балалардың келуі  де қуантады. Өйткені балалар біздің болашағымыз», – деді ШҚО әкімі.

Даниал Кенжетайұлы сонымен қатар облыста «Алтай» атты бірнеше спорттық клубтардың құрылғанын атап өтті.

«Алтай – біздің тамаша жеріміз. Ендеше осы брендті әлемге насихаттауға үшін бірнеше клуб құрдық. Алдағы уақытта ол клубтар өз нәтижесін береді деп сенемін.Тағы да «Altay athletics» клубының құрылуымен барлығыңызды құттықтаймын. Біздің спортшылар 2020 жылғы Токио Олимпиадасы мен өзге де жарыстарда жарқын жеңістеріміз қуантатына сенім білдіремін», – деді өңір басшысы.

Салтанатты-мерекелік шара кезінде облыстың өнер жұлдыздары ән айтып, би биледі. Сонымен қатар Даниал Кенжетаев Ольга Рыпаковаға Азия жеңіл атлетика федерациясының арнайы сыйлығын табыстады. Бұл награда сары құрлықтан Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысып,  жүлдегер атанғаны үшін табысталып отыр.

Айта кетейік, қазіргі кезде клуб құрамына 3 қазақстандық спортшы мүше болды. Олар: Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова және болашағынан үлкен үміт күттіретін жас атлеттер Варвара Назарова мен Артур Гафнер. Сондай-ақ Кениядан 4 спортшы шақырылды. Атап айтсақ, 17 жастағы стайер яғни ұзақ қашықтыққа жүгіретін Шэдрак Кимутаи Коич, оның тәжірибелі отандастары Каролин Чипкоич Кипкируи, Тануи Нора Джируто, Дэйзи Джипкемей бар.

Жаңадан құрылып жатқан клубтың бас менеджері болып Швейцария азаматы Гвидо Тоньони тағайындалды. FIFA секілді халықаралық ұйымдарда, әр түрлі спорттық клубтарда қызмет атқарған. Ал атқарушы директор қызметі қазақстандық Асхат Сейсембековке жүктелді.

Жеңіл атлетикадан әлемде мұндай клубтар бар. Оның ішінде ең атақтысы – «Цюрих». Швейцария клубының 94 жылдық тәжірибесі бар. Тіпті, клуб бүгінгі таңда жақсы пайда тауып отыр.  Бұл клубтың спорттық киімдер мен атрибутка сататын дүкені, өзінің журналы бар. «ALTAY athletics» та «Цюрих» секілді табысты жоба болады деп үміттенеміз.

Тізімге қайта оралу