Рыпакова бастаған атлеттер Қазақстан кубогында бақ сынайды

13.05.2017

Бек Төлеуов  
145
Рыпакова бастаған атлеттер Қазақстан кубогында бақ сынайды Ольга Рыпакова

Қазақстанның үздік 200 атлеті 13-14 мамыр күні Алматыда Қазақстан кубогы жолындағы бәсекеге қатысады. Сондай-ақ кубокпен қатар эстафеталық жүгіруден Қазақстан чемпионаты да өтеді.

Жарыс Алматыдағы Орталық стадионда болады. Қазақстан кубогына еліміздің 12 облысы мен Астана және Алматы қалаларының спортшылары келеді. Бұл додада Олимпиада, әлем чемпионаттарына қатысып жүрген спортшыларда бақ сынайды.

Рыпакованың осы маусымдағы алғашқы жарысы

Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова Қазақстан кубогында өзі туып өскен Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғайды. Ол алдын-ала толтырылған хаттамада үш қарғып және биіктікке секіру бойынша қатысатынын көрсеткен. Биіктікке секіру бойынша Ольгаға басты қарсылас қарағандылық 18 жастағы Мария Овчинникова болмақ. Ол өткен жылы жастар арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған еді. Ал Рыпакованың оң жамбасына келетін үш қарғып секіру сайысында жүлдеге таласатындардың қатарында Ирина және Екатерина Эктовалар (екеуі де – СҚО) болады деп күтілуде.

Азия Гран-приі жеңімпаздары арасындағы бәсеке

Әйелдер арасындағы 100 метрге жүгіру бағдарламасында бәсекелестік өте қатты. Қазақстан кубогында жақында Азия Гран-приінде чемпион болған бес спортшы стартқа шығатын болады. Олар: 4х100 эстафетасында жеңімпаз атанған Рима Кашафутдинова (Қарағанды облысы), Светлана Голендова (Жамбыл облысы), Юлия Рахманова мен Анастасия Тулапина (Алматы қаласы). Сондай-ақ 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден екінші кезеңде жеңіске жеткен Әйгерім Шыназбекова (Алматы) бар.

Кубокты кім алуы мүмкін?

Ерлер арасындағы бірнеше сайыста бәсекелестік жоғары. Сондықтан жанкүйерлердің іштері пыспайтыны анық. Еліміздің танымал атлеттерімен қатар жаңадан өсіп келе жатқандар жастар да ұлттық құрама сапына ілінуі үшін аянып қалмайтындары белгілі. Сондықтан көрермендерді қызықты сайыс күтіп тұрғанын ауыз толтырып айта аламыз.

Қазақстан кубогының бас жүлдесінен Алматы, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары үміткер. Негізінен қатысатын спортшылардың көбісі осы аймақтардан.  
Іріктеу сайыстары 13 мамыр Астана уақытымен тоғызда басталады. Түстен кейін (15:00) финалдық жарыстар өтеді. Ал 14 мамырда командалар жүлдеге таласады.

Тізімге қайта оралу