Өскеменде алғаш рет жаттықтырушыларға арналған халықаралық оқу курсы өтеді
Бек Төлеуов  

Өскеменде алғаш рет жаттықтырушыларға арналған халықаралық оқу курсы өтеді

18-23 тамыз аралығында Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында қазақстандық жеңіл атлетика бапкерлеріне арналған халықаралық оқу курсы өтеді.

Шеберлік сабағын өткізуге орта қашықтыққа жүгіру бойынша Олимпиада чемпионы және әлемнің үш дүркін жеңімпазы Татьяна Самоленко, онсайыстан КСРО рекордсмені, Халықарарлық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) жоғары дәрежелі лекторы Александр Апайчев  және тағы басқа әлемдік деңгейдегі танымал мамандар келеді.

Апталық оқу курсына еліміздің барлық аймағынан 40 жаттықтырушы қатысады. Сабақтар Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында өтеді. Бағдарлама бойынша таңертең теориялық сабақтар, кешке практикалық жұмыстар болады. Курс қорытындысы бойынша қатысушылар емтихан тапсырып, сертификат алады.

– Бұл біздің жаттықтырушылар үшін керемет мүмкіндік болмақ. Өйткені халықаралық дәрежедегі мамандар біздің облысқа келіп, өз білгендерімен бөліседі. «Спорт падишасы» саналатын жеңіл атлетиканы жаңа деңгейге көтеруге тағы бір мүмкіндік деп ойлаймын. Біздің орталықтың құрылғанына көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан мақсатымыз айқын, жоспарымыз көп.  Жаттықтырушыларды оқытуды үш бағыт бойыынша тиімді түрде жүргізуді қолға алдық. Сонымен қатар қосымша төрешілерді де оқытамыз. Біз нақты нәтижеге жұмыс істеп жатырмыз. 2020 жылға дейін атқаратын жұмыстарымыздың жоспарын құрдық. Мамандарға жаңа ережерлерді, методиканы, спортшыларға психологиялық көмек қалай беру керектігін және жеңіл атлетиканы дамытудың өзге де аспектілерін үйретеміз, – дейді IAAF-тың ресми лекторы, ҚР жеңіл атлетика федерациясының ғылыми-техникалық орталығының жетекшісі Александр Кругликов.

Барлық сұрақтар бойынша Шығыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығына хабарласу керек.

ҚР жеңіл атлетика федерациясының ғылыми-техникалық орталығының жетекшісі Александр Кругликов (ұялы тел.: 8-777-152-34-24).

Тізімге қайта оралу