Шығар-ау, қазақтан да бір «Найзағай»... "Найзағайлар"...
Нұрғазы САСАЕВ  
459

Шығар-ау, қазақтан да бір «Найзағай»...

Жеңіл атлетика спорт жарыстары ішінде “Спорт Падишасы” атанады. Ал осы спорт түріндегі 100 метрлік бәйгенің мәртебесі – өзгелерінен әлдеқайда жоғары.

«Найзағайлар»...

Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарындағы ең қысқа қашықтықта топ жарған дүлдүлдерді әлемге тез танылады. Ал егер олар осы 100 метрлік қашықтықты 10 секундқа жеткізбей жүйткіп өтсе, онда спорттың дәл осы түрінде олардан артық жұлдыз болмайды...

Жер шарында 100 метрлік қашықтықты 10 секундқа жеткізбей жүгіріп өткен желаяқтар саны аса көп емес. Қазіргі әлем рекорды – 9,58 (негізі – 9,578) секунд. Оны 2009 жылы 16 тамызда, Берлинде Ямайка дүлдүлі Усейн Болт орнатқан. 100 метрді бір деммен ағып өтетін жылдамдығына тәнті болғандар оны «Найзағай» (Lightning) деп те атайды.

Адамдарды түр-түсіне қарап бөлгендік емес, бірақ осы 100 метрлік қашықтықта қара нәсілді желаяқтар үстемдік құрып жүр. Осы қашықтықты 10 секундқа жеткізбей жүгіріп өткендердің дені де – солар. Бір қызығы, неміс желаяғы Армин Хари 1960 жылғы Олимпиада ойындарында әлем рекордын жаңартып, тұңғыш рет 100 метрді тұп-тура 10 секундта (10,0) жүгіріп өткен...

Содан кейін қайтадан қара нәсілділер “үстемдік” құрды. Тек 2011 жылы француз Кристоф Леметр 100 метрді 10 секундқа жеткізбей еңсеріп, «Ақ Найзағай» атанды. Оның жеке рекорды – 9,92 секунд.

Ал «Азияның ақ найзағайы» – Қытай желаяғы Су Бинтянь. Ол 2015 жылы 100 метрлік қашықтықты 9,99 секундта жүгіріп өтіп, Азия және Қытай рекордын жаңартты. Ал «қазақтың найзағайы»...



Қазақта да желмен жарысқан желаяқтар болған

Сонау 60-жылдары қазақтың қос қыраны, ауыздарымен құс тістеген саңлақтары – марқұм Ғұсман Қосанов пен биыл 12 ақпанда 80-ге толған Әмин Тұяқов 100 метрді 10,2 секунд ішінде жүгіріп өткен.

Өздеріңіз білесіздер, Ғұсман Қосанов 1960 жылы Римде өткен ХVІІ Олимпиада ойындарының 4х100 эстафетасында КСРО құрамасының намысын қорғап, күміс медаль жеңіп алған. Тұңғыш рет Олимпиада ойындарынан жүлде алған қазақ та, тіпті қазақстандық спортшы да – осы Ғұсман ағамыз.

Ресми түрде тіркелген көрсеткіштеріне тоқталар болсақ, 100 метрді 10,2 секундта Ғұсман Қосанов 1962 жылы 22 қыркүйекте, ал Әмин Тұяқов 1965 жылы 17 қазанда жүйткіп шыққан. Екеуінің де бұл көрсеткіштері Алматыда тіркелген.

Бірақ ол кез бен қазіргі уақытты салыстыруға бола ма? Шіркін, Ғұсман-аға мен Әмин-ағаны қазіргі жағдайда жүгіртіп көрер ме еді?! Қазіргідей спортшының жылдамдығына серпін қосып тұратын аяқ-киімдер мен қазіргі өте қолайлы жүгіру жолақтарын 60-жылдардағы жағдаймен салыстыруға келмейді де ғой.

Әрі қазір спортшылардың уақыттары бұрынғыдай қол хронометрімен емес, электронды хронометрмен есептеледі. Бүтін саннан кейінгі көрсеткіштері жүздікке дейін дөңгелетіледі (бұрын ондыққа дейін ғана).

Тараштап айтар болсақ, жоғарыда Ғұсман-аға мен Әмин-аға 100 метрді 10,2 секунд ішінде жүгіріп өткен дедік қой. Егер қазіргідей, электронды секунд өлшеуішпен есептелсе, онда олардың уақыттары екі түрлі болуы мүмкін еді. Мәселен – 10,16 және 10,17...


Түйін

Ендеше, қазақ та 100 метрді 10 секундтың ішінде жүгіріп өте алады. Тек талантты бала кезінен жазбай танып, тәрбиелеу керек. Егер Ғұсман және Әмин ағаларымыз қазір жүгіріп жүрсе, онда Усейн Болтпен де тайталасып жүрер ме еді?! Көрсеткіштеріне қарасақ, қазіргі әлем жұлдыздарымен иық қағыстырып жүрулері әбден мүмкін сияқты.

Бұл – әрине, екі дәуірді салыстыра отырып, көз алдымызға елестету ғана. Ал нақты айтпағымыз, қазақта да «Найзағайлар» болған, тіпті болады да. Осы спорттың түріне де ерекше көңіл бөліп, қолға алсақ, әлі талай желаяқтар шығар еді.

Білесіздер ме, қазақтың ертегілерінде желаяқтар болған. «Ер төстік» сияқты халық ертегілерінде жорыққа аттанған басты кейіпкердің сенімді достарының бірі Желаяқ болған. Яғни бұл бізге таңсық өнер емес. Ауыз әдебиетімізден бар...

Тұздық 

Айтпақшы, 10  метрлік қашықтықтағы Қазақстан рекорды – 10,08 секунд (1,3 м/с жел бағытымын). Оны 1992 жылы 13 тамызда, Австрияның Линц қаласында 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының чемпионы Виталий Савин орнатқан.


Суреттер sirpsychosexy8.deviantart.com, nydailynews.com, sputnik.md, visualrian.ru сайттарынан алынды

Тізімге қайта оралу